13 мың елордалық студент пәтер жалдауға мәжбүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 13 мың студентке жатақханада орын жетіспейді. Бұл туралы Астана қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Асхат Оралов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда басқармамен жастарға әлеуметтік лифті құруға, жастардың бойындағы отаншылдық сезімін қалыптастыруға, өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін анықтауға, жастардың бойында жемқорлықтың кез келген әрекетіне мүлдем  төзбеушілік қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, этносаралық келісімді нығайтуға, ұлттық және отбасылық салтты насихаттауға, студент жастарды қолдауға, жастар бастамалары мен инновациялық идеяларын анықтауға, құқықтық мәдениет пен діни танымды көтеруге бағытталған бірқатар  шара жүзеге асырылып жатыр. Аталған шаралар жастардың өзекті проблемаларын ескере отырып, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге бағытталған», - деді ол Астананың төңірегінде тұратын халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселеріне арналған шара барысында.

Басқарма басшысы ресми статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарында қала жастарының саны 200 мыңға жеткендігін атап өтті.

«Яғни, жастар елорда халқының жалпы санының 24 пайызын құрайды. Алайда бұл ресми статистика кез келген мегаполиске тән жасырын көші-қон заңдылығын ескермейді. Шын мәнінде Астанада 250-300 мыңға дейін жастар бар», - деді Асхат Оралов.

Оның айтуынша, елорда жастарының басым бөлігін студенттер құрайды. Қазіргі уақытта елордада 14 жоғары оқу орны мен 35 колледж  бар. Оларда 80 мыңнан астам студент оқиды.

«Осы ретте айта кетерлік мәселе бар. 2016 жылы 14 жоғары оқу орнында 30  жатақхана болған. 2017 жылы 4 жатақхана салынды. Бірақ  бүгінгі күні 12 мыңға жуық студент жатақханада тұрса, 10 мың студентке жатақхана  жетіспейді. Бұған қоса, 35 колледждің 2200 студентке арналған 16 жатақханасы  бар. Қажеттілік әлі де 3 мың  орын. Жалпы санасақ, елордада 13 мың студентке жатақхана жетіспейді», - деді басқарма басшысы.