13 НАУРЫЗ, БЕЙСЕНБІ
Гренаданың ұлттық мерекесі - Төңкеріс күні (1979). Гренада Кіші Антиль аралдар тобына жататын аралдар және Гренадина аралдар тобының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Сент-Джорджес. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - кариб доллары. 1984 жылы қабылданған Конституциясы бойынша Ұлыбритания Королевасы мемлекет басшысы болып саналады. Елді генерал-губернатор басқарады. Заң шығарушы органы - екі палаталы (сенат және өкілдер) парламент. Атқару билігі Премьер-министр басқарған үкімет қолында.
Тайландтың ұлттық символы - пілдер күні. Бұл күн пілдердің жоғалу алдында тұрғандығын есте сақтау мақсатында жыл сайын атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
9 4 жыл бұрын (1920) Сәкен Сейфуллин (1894-1938) «Қызыл сұңқарлар» атты пьесасын жазды. Бұл Колчакқа қарсы шыққан көтерілісшілердің ерлікке толы күресін бейнелейтін қазақтың кеңес әдебиетіндегі алғашқы революциялық драма.
3 3 жыл бұрын (1981) Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Кенен ауылында халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Мұражай залында ақынның шығармашылығын, өмір жолын сипаттайтын 961 экспонат қойылған. Ақынның 13 жасында жасалған домбыра, Жамбыл Жабаев сыйға тартқан күміс белдік мұражайдың құнды экспонаттары болып табылады.
1 4 жыл бұрын (2000) «Қара және түстi металлдардың екiншi қайтара нарығы туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы шықты.
1 3 жыл бұрын (2001) Алматыда, Қазақ сәулет-құрылыс академиясының студенттер жатақханасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш тақта орнатылды.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков (1966-1988) Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1986 жылдың күзінде жолдамамен Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі. АСҚИ-дің бірінші жатақханасында тұрған Қайрат бірінші курс студенті болғанына қарамастан институтың қоғамдық өміріне белсене араласып кетті. Сол кезде-ақ жас комсомолдар жасағының командирі, студенттер кәсіптік бюросының (профбюро) мүшесі болды. 1986 жылы 17-18-желтоқсанда Брежнев алаңындағы бейбіт шеруге қатысты. Сол үшін Қайрат шеруге шыққан достарымен бірге тұтқындалып, "18-желтоқсанда Мир (қазіргі Достық даң.) және Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысында бейбастақтық жасап, Савицкийді өлтірді, Ведельді ауыр жарақаттады" деген айып тағылып, достарымен бірге сотты болады. Тергеу жұмыстары алты айға созылып, соңында болған сотта Қайратпен бірге болғандар 4 жылға, 15 жылға бас бостандықтарынан айырылады. Ал Қайратқа жабылған жала ауыр болып, алғашында ату жазасына кесілді. Кейіннен шетелдіктер ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің қарсылықтарынан сескенгендей болған сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, жазасын 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырды.
1 1 жыл бұрын (2003) «Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің кейбір мәселелері туралы» №244 ҚР Үкіметінің қаулысы жарыққа шықты. Қаулының негізінде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрылды. Компания 19 машина жасау кәсіпорыны мен салалық институттарды біріктіреді. Олардың қатарында «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «С.М.Киров атындағы Петропавл зауыты» АҚ, «Мұнаймаш» АҚ, «Тыныс» АҚ, «Семей машина жасау зауыты» АҚ, «ҚР радиоэлектроника және байланыс жөніндегі ұлттық орталығы» АҚ, «Металлист» АҚ, «Бронды танк жөндеу зауыты» кәсіпорындары бар.
4 жыл бұрын (2010) елордалық №60 лицейде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбваевтың бастамасымен құрылған Астана Жаңа университетінің тұсаукесері өтті.
5 жыл бұрын (2009) Қазақстанда республика орнитологиялық аумақтарының анықтамалығы жарық көрді.
Кітапқа Қазақстандағы құстарды сақтап қалуға арналған маңызды аумағының 121 ауқымды жері енген.
5 жыл бұрын (2009) Семейде Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаған Бақытжан Жұмаділовтің «Полигон» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Автордың ұсынған «Полигон» романы - Адамның талпынысын және оның кеңістіктегі рөлін сезіну. Полигон - бұл бірнеше ұрпақтардың тағдырын өзгерткен Семей ядролық полигоны ғана емес. Автордың ойынша, адамдар арасындағы әлеуметтік және саяси қарым-қатынастар, жаһандық жылыну, экологиялық апаттар, жаңа әлемдік реттік құру, халықтардың қоныс аударуы - бұл да полигон немесе тәжірибелік өріс.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшілердің жеке куәліктері туралы 1958 ж. конвенцияны (№185 конвенция) қайта қарайтын Конвенцияны ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
101 жыл бұрын (1913-1960) композитор, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ТӨЛЕБАЕВ Мұқан дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы педагогикалық училищесін, Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Қазақ студиясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1942-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы болған. 1953 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысқан. Композитор музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазған. Оның «Татьяна туралы ән», «Кестелі орамал», «Тос мені тос», «Көп жүрдім» атты өзіндік музыкалық тілі мен романстары қазақтың кәсіби музыкасында романс жанрының қалыптасуына игі әсер етті. Симфониялық шығармалары ішінде «Қазақстан» поэмасы мен «Коммунизм оттары» кантантасы қазақ музыкасында ерекше орын алды. Әсіресе, ән-хор шығармаларында өзі өмір кешкен кеңестік заман тақырыбы сәтті көрініс тапты. Төлебаевтың шығармашылығының шарықтау шыңы, қазақ музыкасындағы аса елеулі туындыларының бірі - «Біржан-Сара» операсы. Аталмыш туындыда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығармашылығы мен трагедиялық тағдыры терең тебіреніспен баяндалады. Ол Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны авторларының бірі болды. Сондай-ақ композитор драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазып, жеке дауыс пен фортепьяноға арнап қазақтың көптеген әндерін өңдеген.
«Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталған.
7 9 жыл бұрын (1935-2006) қазақ композиторы БАЗАРБАЕВ Теміржан дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
Қазақстан Композиторлар одағының Ертістегі бөлімшесінің төрағасы, А.Төлеубаева атындағы Семей музыка колледжінің оқытушысы және музыка теориясы бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Композитордың халық арасына кең тараған «Қаздар қайтқанда», «Студенттік кештер», «Ауылым» әндерімен қатар «Ботагөз», «Жетісу» симфониялық поэмалары, труба мен оркестрге арналған концерті, ұлттық аспаптар оркестріне арналған «Отан таңы», «Қалың елім, қазағым» поэмалары, камералық-аспаптық, эстрадалық шығармалары, спектакльдерге жазған музыкалық шығармалары бар.
7 6 жыл бұрын (1938-1999) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ИСАЕВ Сейілбек Мұхамеджарұлы дүниеге келді.
Ресейде туған. Омбы педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1962-1988 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, деканы, кафедра меңгерушісі. 1988-1989 жылдары - Қазақ педагогикалық институты қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. 1989 жылдан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болған. Ғалым тіл білімінің, жалпы түркітану саласының дамуына елеулі үлес қосқан. Қазақ әдеби тілінің қалыптасып дамуын, тіл тарихымен қатар қазақ тілі грамматикасының теориялық мәселелерін зерттеп, іргелі ғылыми жобаларды іске асырған. Сонымен қатар ол 1966 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» мен 1967 жылы шыққан екі томдық «Қазақ тілінің академиялық грамматикасы» авторларының бірі.
Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған.
7 6 жыл бұрын (1938-2002) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі САРЫБАЕВ Қаныбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданынында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Кентау правдасы» газетінде, облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде, «Қызылқұм» газетінде әр түрлі жауапты қызметтер атқарған. Ақынның «Тұңғыш кітап», «Отырар оттары», «Отан туралы сөз», «Мен келе жатырмын» секілді он шақты жыр кітабы жарық көрген.
«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1954) айтыс ақыны МҰШТАНОВА Дариға Ғазезқызы дүниеге келді.
Орал қаласында туған. Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. Аудандық газет редакциясының тілшісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары, «Орал өңірі» газетінің тілшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Теректі лингвистикалық гимназиясының директоры болып істейді. Ол 17 жасынан ақындар айтысына қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі өнер сайыстарына түскен. Ақынның бірнеше өлеңдер топтамасы мен әндері бар.
5 8 жыл бұрын (1956) ТМД-нің Экономикалық Кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссиясының Қазақстан Республикасындағы Өкілетті елшісі, 1-ші санатты кеңесші АЙДАРОВ Наурыз Ғұбайдоллаұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
1978-1982 жылдары - Алматы қаласы БЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, нұсқаушысы. 1982-1984 жылдары - Қазақстан Республикасы «Еңбек» ерікті спорттық қоғамының бөлім меңгерушісі, нұсқаушысы. 1985-1989 жылдары - әскер, авиация және флотқа жәрдемдесу ерікті қоғамы Фрунзе аудандық комитетінің төрағасы. 1990-1993 жылдары - мектеп-интернатының директоры. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі кадр басқармасы бастығының орынбасары, бірінші хатшысы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің кеңесшісі, бірінші хатшысы. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Белорусиядағы елшілігінің кеңесшісі. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД департаменті директорының орынбасары. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі кадр және бақылау департаментінің директоры, директордың орынбасары. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Грузиядағы Уақытша сенімді өкілі. 2006-2009 жылдары - жаңа шақырту және қауіп-қатерге қарсы әрекет және қауіпсіздік саласының ынтымақтастық жөніндегі департаменті директорының орынбасары, ТМД атқарушы хатшысының - атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2009 жылдың наурыз айынан бастап - қазіргі қызметінде.
«Степная дипломатия одевается во фрак», «Дипломатический календарь. Министерство иностранных дел Республики Казахстан-10 лет», «Гамарджоба, Сакартвело (Грузия глазами казахского дипломата)», «Посольская грамота» атты кітаптарының авторы.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен және БҰҰ «За миротворческую деятельность» медалімен марапатталған.
5 5 жыл бұрын (1959) Ақтөбе әкімінің орынбасары Сара НҰРҚАТОВА дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе музыка училищесін, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген. Балалар музыка мектебінің мұғалімі, Ворошиловград облысы Коммунар қаласы мәдениет сарайының хор капелласының хормейстері, Орал облыстық мәдениет сарайының директоры, кәсіптік-техникалық лицей директорының орынбасары, Орал сән театрының директоры болды. 2000-2005 жылдары - Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасында бөлім бастығы, бастықтың орынбасары, ал 2005-2008 жылдары - Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының бастығы болды.
Қазіргі қызметінде - 2008 жылғы желтоқсаннан бері.
4 3 жыл бұрын (1971) «Азық-түлік келісім корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы ҚАБДРАХМАНОВ Бейбітхан Оразханұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. 1988-1989 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау процесін автоматтандыру және басқару жүйесін толық жетілдіру Ғылыми-зерттеу институтының технигі. 1989-1991 жылдары әскерде болды. 1991-1993 жылдары - Алматы қаласындағы «Ведомства и Советы Со Ltd» ЖШС-нің өкілі. 1993-1995 жылдары - «Казконтракт» АҚ-ның жүргізуші маманы. 1995-1996 жылдары - «Ертіс» фирмасының бас маманы. 1996-1999 жылдары - «Казкоммерцбанк» ААҚ-ның менеджері, бөлім бастығы. 1999-2001 жылдары - Алматы қаласындағы «ПНПЗ-CCL» ЖАҚ-ның өкілділігінің бөлім бастығы, директоры. 2001-2003 жылдары - «Қазмұнайөнім» ААҚ-ның қаржы директоры. 2003-2006 жылдары - Астана қаласының «Квартирное бюро» АҚ-ның директоры. 2007-2009 жылдары - Алматы қаласы әкімшілігінің «Алматыжер» МКК-ның директоры қызметтерін атқарған.
2009-2011 жж «Азық-түлік келісім корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары. 2011 жылдың наурызынан - қазіргі қызметінде.
101 жыл бұрын (1913-2009) ақын, мысалшы МИХАЛКОВ Сергей Владимирович дүниеге келді.
70 жыл бұрын (1944-2006) кеңестік цирк әртісі, сиқыршы, Ресей халық әртісі КИО Игорь Эмильевичдүниеге келді.