13 наурыз. Туған күн иелері

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 13 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

109 жыл бұрын (1913-1960) композитор, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан ТӨЛЕБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы педагогикалық училищесін, Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Қазақ студиясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1942-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы болған. 1953 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысқан. Композитор музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазған. Оның «Татьяна туралы ән», «Кестелі орамал», «Тос мені тос», «Көп жүрдім» атты өзіндік музыкалық тілі мен романстары қазақтың кәсіби музыкасында романс жанрының қалыптасуына игі әсер етті. Симфониялық шығармалары ішінде «Қазақстан» поэмасы мен «Коммунизм оттары» кантантасы қазақ музыкасында ерекше орын алды. Әсіресе, ән-хор шығармаларында өзі өмір кешкен кеңестік заман тақырыбы сәтті көрініс тапты. Төлебаевтың шығармашылығының шарықтау шыңы, қазақ музыкасындағы аса елеулі туындыларының бірі - «Біржан-Сара» операсы. Аталмыш туындыда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығармашылығы мен трагедиялық тағдыры терең тебіреніспен баяндалады. Ол Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны авторларының бірі болды. Сондай-ақ композитор драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазып, жеке дауыс пен фортепьяноға арнап қазақтың көптеген әндерін өңдеген. «Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталған.

48 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Мақсат Аманқұлұлы ҚОЖАБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді.

1997-2001 жылдар аралығында Шымкент қалалық прокуратурасында түрлі қызметтер атқарды. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы прокурорының орынбасары, 2002 жылы қылмыстық істер бойынша қаулыларының заңдылығын қадағалау басқарма басшысының орынбасары, 2003 жылы сол басқарманың басшысы қызметіне тағайындалды. 2004 - 2008 жылдар аралығында Сарыағаш ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысының табиғат қорғау прокуроры қызметін атқарды. 2009 - 2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметтерінде болған. 2012 - 2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы. 2014 - 2016 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2016 - 2017 жылдары Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, 2017-2018 жыдары – Жымбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары. 2018-2021 жылдары – Шымкент қаласының прокуроры қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2021 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.

«Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Прокуратурасына 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ерлігі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» 3-ей ст., «Қазақстан Республикасының Қаржы полициясына 20 жыл», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарімен, ІІ-дәрежелі «Прокуратура үздігі», ІІ-дәрежелі «Қаржы полициясының үздігі» төсбелгілерімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

45 жыл бұрын (1977) Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай Тағанұлы ӨТПЕНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстанда туған. 1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғарғы діни білім алған. 1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыған. 2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген. 2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіріп жоғарғы білім алған. 2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. 2017 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқуда. 1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастау алған. 2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы. 2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы. 2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы. 2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдан бері.

31 жыл бұрын (1991) қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада және әлем чемпионы Данияр Маратұлы ЕЛЕУСІНОВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысында туған.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2006 жылы кадеттер арасында әлем чемпионы, 2008 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының (Мексика) жеңімпазы, 2009 жылы Қазақстан жастар ойындарының чемпионы, 2010 жылғы Қазақстан чемпионы, Гуанчжоуда өткен 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2012 жылғы олимпиадалық континенталдық іріктеу турнирінің жеңімпазы, 2012 жылғы ҚР Кубогының жеңімпазы, 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы (69 кг), 2013 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы. ІІ дәрежелі Барыс орденімен; «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.