13 облыста 40 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталған жоқ

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - 100 аурухана бағдарламасы аясында Атырау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында жобалар толығымен жүзеге асырылды.

Бұл жайында бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

 «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 103 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Оның 99-ы - жергілікті, сондай-ақ 4 нысан республикалық болып табылады»,-деді министр.

С. Қайырбекованың сөзіне қарағанда,  биылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша 148,8 млрд. теңге қаржыға 59 нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 2008 жылы - 6 нысан, 2009 жылы - 11, 2010 жылы - 30, 2011 жылы - 11, сондай-ақ 2012 жылы 1 нысан тапсырылды.

«Аталған мерзімде Ақмола облысында жоспарланған 5 нысанның 1-і аяқталды, Ақтөбе облысында 5 нысанның 4-і, Алматы мен Солтүстік Қазақстан облыстары жоспарланған 6 нысанның әрқайсысы төртеуден тапсырды, ШҚО жетеудің екеуін, ал Астана 9 нысанның 3-ін пайдалануға берді»,-деді ведомство басшысы. Қызылорда облысында салынуы тиіс 5 денсаулық сақтау нысандарының ешқайсысы тапсырылмаған.

«Осы арқылы,  15 сәуірдегі ахуал бойынша 13 облыста 40 нысанның құрылысы аяқталған жоқ. Атап айтқанда, бұл жоба Атырау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында толығымен жүзеге асырылды»,-деді министр.

 Оның айтуынша, өңірлерде құрылыс мерзімі 6 нысан бойынша алға шегеріліп, 2012 жылға жоспарланды. Осы орайда Қызылорда облысы бойынша 2 нысанның, Ақмола, Жамбыл, Қостанай  облыстарында және Астанада 1 нысанның құрылысы белгіленген мерзімінде  жүзеге асырылған жоқ.