13 СӘУІР, ЖЕКСЕНБІ Тайландта Сонгкран Жаңа жыл мерекесі (сәуірдің 13-15-і). ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 44 жыл бұрын (1970) Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Черемшан тауық фабрикасы бірінші өнімін шығарды. Өндірістің 1972 жылғы жоспарлық қуаты 26 миллион жұмыртқа, 180 тонна тауық еті болды. 41 жыл бұрын (1973) Маңғыстау облыстық «Коммунистический путь» газетінің алғашқы саны жарық көрді. 1988 жылы газет жабылып, 2 жылдан кейін «Маңғыстау» деген атпен шыға бастады. 18 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. 18 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Ренессанс» коммуникативті менеджмент агенттігінің бастамасымен қазақстандық тұңғыш «Рropr.kz» PR-порталы өз жұмысын бастады. «Propr.kz» - жұртшылықты қоғамдағы өтіп жатқан қандай да бір оқиға, жағдайлармен, еліміздегі ақпарат агенттіктері мен банктері, компаниялары туралы пайдалы мәліметтермен хабардар етеді. PR-порталдың басты міндеті - Қазақстандағы PR мамандары үшін аталған саладағы жаңа өзгерістер мен PR нарығының дамуы және мәселелерді шешу турасында шұғыл ақпар жариялап отыруды көздейді. 9 жыл бұрын (2005) Астанада Жапонияның Елшілігі ашылды. 7 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ядролық сынауларға жан-жақты тыйым салу туралы шарт жөніндегі ұйымның Дайындық комиссиясы арасындағы Ядролық сынауларға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қолдауға халықаралық мониторинг объектілерінде, сертификаттаудан кейінгі іс-шараларды қоса алғанда, іс-шараларды өткізу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 7 жыл бұрын (2007) Ресейдің ғылым және мәдениет орталығында Сапар Ысқақовқа Меценаттық халықаралық академиясының нақты мүшесінің мантиясын және төс белгісін, дипломын тапсырудың салтанатты рәсімі болып өтті. Оны Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігінің Кеңесші-Өкілі Валерий Швец табыс етті. Сапар Ысқақов әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс атындағы қоғамдық қайырымдылық қордың президенті. Сирия мен Мысырдағы аталған тарихи тұлғалар жерленген мемориалдық кешенді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын өткізген. 5 жыл бұрын (2009) Семейдегі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жанындағы «Шәкәрімтану» және «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері және Жаңа тарихи құжаттама орталығының қызметкерлері бірлесіп Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858-1931) жаңа фотосуретін тауып алды. Фотосуретте Шәкәрім батыс жақтағы Шыңғыс тауының баурайында түскен. Фотосурет Қазақ Автономды Кеңес Социалистiк Республикасының Семей губерниялық жер басқару Наркомземның арнайы комиссиясының 1924-1925 жыл ұйымдастырылған жұмыс туралы есеп берудің қосымшаларынан табылған. Бұл фотосурет мұрағат қызметінің қосымшаларында №37 тiркелген. Фотосуретте жазылған жазу: «№37 Шыңғыс жотасы. Өзеннің бас жағы. Алдыңғы жақта қазақтың ақыны және жазушысы Шәкәрім Құдайбердіұлы». Жазушы Бақанас, Байқошқар өзендерінің бойымен саяхаттаған және онымен бірге әрдайым батыс жақтағы Шыңғыс тауларын қоса жүріп отырған. Тарихи мәліметтер бойынша, Шәкәрім қажы экспедициялық топ мүшелеріне табиғи қайнарлардың орналасқан жерлерін, таудан аққан өзендерді қолдану мүмкіндіктері туралы толық мәлімет беріп отырған. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республиксының Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қаулы жобасы мақұлданды. Бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шара жоспарын бекітуді көздейді. Іс-шаралар жоспарының жобасы құпталды және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, ведомстволармен, әкімдермен келісілді. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстанның Ұлттық Банкі символикалық «Жолбарыс» атты номиналы 100 теңгелік күміс шақасын айналымға шығарды. Шақа 925 сынамалы күмістен дайындалған, массасы - 31,1 грамнан сәл асады, диаметрі - 38,61 мм, екі асыл таспен көмкерілген. Шақаның сырт жағының орталық бөлігінде алтынмен қапталған жолбарыстың бейнесі, көзіне диаметрі бір миллиметрге дейін екі гауһар тас орнатылған, дайындалу сапасы - «proof». «Жолбарыс» шақасының бет жағының жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Сол жақ бөлігінде тауар белгісі және шақа дайындалған металды және оның сынамасын білдіретін «Ag 925» деген жазу, оң жағында - монетаның массасын білдіретін «31,1gr.» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 теңге» деген жазу бар. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек бейнеленген. Шақаның жиегінде «Қазақстан Ұлттық Банкі» деген жазуы бар. Монетаның төменгі бөлігінде - Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі. Айналдыра ағылшын тілінде «Tiger», латын тілінде - «Panthera tigris» деген жазуы бар, соғылған жылын білдіретін «2009» деген сан және шығыңқы жиек жүргізілген. ЕСІМДЕР 271 жыл бұрын (1743-1826) Американың мемлекет қайраткері, «Тәуелсіздік декларациясының» авторы, АҚШ-тың үшінші президенті ДЖЕФФЕРСОН Томас дүниеге келді. 1775 жылы Солтүстік Америка отарларының Ұлыбританиядан бөлініп шығуы туралы шешім қабылданған Құрлықаралық конгресс мүшелігіне сайланған. 1779-1781 жылдары Виргиния губернаторы, 1785-1789 жылдары АҚШ-тың Франциядағы елшісі, 1790-1793 жылдары Дж.Вашингтонның 1-ші үкіметінде мемлекеттік хатшы, 1800-1808 жылдары АҚШ-тың президенті болған. Ол «Тәуелсіздік декларациясының» жобасын жасау барысында «Жоғарғы билік Құдайдың құдіретімен дариды» деген көзқарасқа қарсы шығып, табиғи құқылар ілімін ұсынған. Отар аймақтар мен метраполия тұрғындардың теңдігін, халықтың революция жасау құқығын жақтаған. Монархиялық билікті табиғи құқық және қоғамдық келісім тұрғысынан сынап, халық билігін негіздеген. Адамның табиғи құқыларын мемлекет белгіленген заңдардан жоғары қойған. Үкімет тарапынан жеке адам құқыларын бұзуға жол бермеу мақсатында мемлекеттік биліктің міндеттерін шектеуді талап еткен. Ұсақ өндірушілердің мүддесін қорғап, фермерлердің демократиялық республикасын құруды аңсаған. Джефферсон басқа саяси қайраткерлермен бірге АҚШ Конституциясын жасауға қатысып, адам құқылары мен бостандықтарына қатысты 10 толықтыру («Құқылар туралы билль») енгізген. Президент міндетін атқарған кезде Джефферсон әр түрлі әлеуметтік топтар арасында келісім саясатын орнықтырып, реакциялық сипаттағы заңдардың күшін жойған, армияны, флотты, мемлекет аппаратын едәуір қысқартып, Луизиана штатын АҚШ-қа қосқан. 1809 жылы президенттік қызметтен босаған соң саясатқа араласудан бас тартқан. 1819 жылдан өмірінің соңына дейін өзі құрған Виргиния университетін басқарған. 139 жыл бұрын (1875-1954) топырақтану және география саласына еңбегі сіңген кеңес ғалымы, КСРО Ғылым Академиясының академигі ПРАСОЛОВ Леонид Иванович дүниеге келді. Ресей Федерациясының Краснояр өлкесінде туған. Петербор университетін бітірген. 1908-1918 жылдары Қазақстанға жіберілген ғылыми экспедицияларға басшылық етті. 1918-1925 жылдары - КСРО Ғылым академиясы жанындағы Табиғи өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі комиссияда топырақтану бөлімшесінің қызметкері. 1926-1954 жылдары КСРО Ғылым академиясының Топырақ институтының ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері топырақ классификациясы мәселелеріне арналған. Прасолов Дүниежүзі топырақ картасын жасаған. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 3 рет Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. 60 жыл бұрын (1954) ақын, Алматыда өткен ақындар мүшәйрасы жабық конкурсының бас жүлдегері, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың, Қ.Қазиев атындағы сыйлықтың иегері АЙМАҚ Әбілдә дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында туған. Яссауи атындағы Шымкент педагогикалық институтын бітірген. Аудандық мәдениет бөлімінде, «Шымкентқұрылыс» тресіне қарасты мекемеде, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінде түрлі қызметтер атқарған. 1993 жылдан осы бөлімшенің директоры. 1984 жылы өлеңдері жас ақындардың «Қарлығаш» атты дәстүрлі жыр жинағына енген. «Қарлығашқа», «Мерейлі мекен», «Ләйлә», «Домалақ ана кесенесі», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік», «Түркістан» жыр жинақтары жарық көрген. 55 жыл бұрын (1959) Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы ЫДЫРЫСОВ Бағлан Қабдыкәрімұлы дүниеге келді. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын және С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, ағылшын тілінің маманы және журналист. «Күн күлгенде» жинағының авторы. 53 жыл бұрын (1961) С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының академигі КҮРІШБАЕВ Ақылбек Қажығұлұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1983-1997 жылдары - Қазақ жер өңдеу шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының агрономы, директорының орынбасары. 1997-2002 жылдары - А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылым департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған. 2008 жылдан ҚР Ауыл шаруашылығы министріс болды. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бастап. 100-ден аса ғылыми басылымдардың, 4 монографияның авторы. Аграрлық ғылым саласындағы үздік еңбегі үшін А.И.Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты берілген. 48 жыл бұрын (1966) «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрайымы МЕДЕУШЕЕВА Долорес Тайырқызы дүниеге келді. Алматы халық шаруашылығы институтының несие-экономикалық факультетін бітірген. 1988-2009 жылдарда КСРО Агропромбанкі Алматы облыстық басқармасында, КСРО Мемлекеттік банкі Алматы облыстық басқармасында, «Қазкоммерцбанк» АҚ-да, ҚР Ұлттық банкісінде, «Қазкоммерцбанк» сақтандыру компаниясы» ААҚ-да, «Қазақстан халық банкі «Халық-Қазинстрах» еншлес сақтандыру компаниясы» АҚ-да жауапты қызметтер атқарды. 2009 жылғы мамыр айынан «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрайымы. 35 жыл бұрын (1979) Ақтөбе қаласының әкімі ОМАРОВ Ерхан Болатжанұлы дүниеге келді. 1979 жылы туған. Қазақ көлік және коммуникация академиясын, Қазақ гуманитарлық заң университетін инженер-механик, заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы қала әкімі аппаратының құрылыс және инженерлік коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы, бас маманы болып бастады. «Жөндеусервис» ЖШС директоры, «Тазалық» КМК директоры, қала әкімінің кеңесшісі, «Ақтөбе қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығының орынбасары, бастығы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс жасады. 2012 жылғы қаңтардан - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары. 33 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасының дзюдодан ұлттық ерлер құрама командасының бас жаттықтырушысы, қазақша күрестен спорт шебері, дзюдодан, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сiңiрген спорт шеберi ЖИТКЕЕВ Асхат Расулұлы дүниеге келді. Алматы облысы Ілияс Жансүгіров атындағы кентте туған. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. Алғашқы бапкері - Саяхат Құдайбергенов, кейіннен Жексенбай Саламатов пен Саян Хамитжанов басшылығымен жаттыққан. Он жылдан бері Астана қаласының атынан сынға түскен. Қазақстанның бiрнеше мәрте чемпионы, 2001 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегерi, «Әлемнің супер кубогының» күміс жүлдегері, үш дүркін Азия чемпионы (2003, 2004, 2008), 2005 жылғы Азия чемпионатының күмiс жүлдегерi, Азия ойындарының қола жүлдегерi - (2002, 2006), 2008 жылғы Олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi атанған. Афинада өткен ХХVIII Олимпиада ойындарында Қазақстанның туын көтерiп шығып, жетінші орынға ие болған. Астана қаласындағы «Астана батыры» жекпе-жек клубының мүшесі болып табылады. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді. «Барыс» орденiмен марапатталған. 131 жыл бұрын (1883-1945) орыс және кеңес жазушысы және ақын Демьян БЕДНЫЙ дүниеге келді. 59 жыл бұрын (1955) ресейлік саяси және мемлекет қайраткері, жазушы, теле- және радиожүргізуші Ирина ХАКАМАДА дүниеге келді. 51 жыл бұрын (1963) ресейлік және кеңестік шахматшы, 13-ші әлем чемпионы, шахмат әдебиетшісі және саясаткер Гарри КАСПАРОВ дүниеге келді.
06:50, 13 Сәуір 2014
13 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА.13 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 13 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.