13 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 13 сәуірге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік рок-н-ролл күні

1954 жылдың 13 сәуірінде америкалық әнші Билли Хейли «Rock Around the Clock» композициясын жазған. Сол себепті, бұл күн рок-н-роллдың туған күні саналады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, ХХ ғасырдың ортасында адамдар бейбітшілік пен бірқалыпты өмірге ұмтылды. Сол кезеңдегі бұқараның көңіл-күйін музыкадан байқауға болатын еді, жұртшылық тыныш және сентименталды музыка тыңдаған. Ал, Америкада ритм-энд-блюз жанрындағы музыка кең қанат жайды. Кливленд радиостансасының диск-жокейі Алан Фрид эфирде ритм-энд-блюз стиліндегі таспаны қойып, оған «рок-н-ролл» деген атау береді. Рок-н-ролл стиліндегі алғашқы жұлдыздардың қатарында Билл Хейли, Элвис Пресли сияқты танымал орындаушылар болған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1944 жылы тәуелсіз Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының негізі – Қазақ КСР Сыртқы істер Халық комиссариаты құрылды.

2010 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласында Ядролық қауіпсіздік бойынша Жаһандық саммиттегі пікірталасқа қатысып, сөз сөйледі.

2014 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде этникааралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау мақсатында Қазақстан Елшілігі Әбу-Дабиде «Қазақстан – полиэтникалық мемлекет» атты араб тілінде журнал шығарды.

2014 жылы Бішкекте Малдыбаев атындағы Қырғыз академиялық опера және балет театрының сахнасында қазақ жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досановтың Алматыда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға туралы баяндайтын «Жанұран» атты пьесасының премьерасы болып өтті.

Пьесаның бас кейіпкері – Қазақстанның Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков. Спектакльде қырғыз актерлері Нұрматұлы Бахтыбек (Қайрат), Майрамкүл Бегманқызы (Фәтима), Нұрбек Үрматжанұлы (ақын Алмаз), Эрлан Бекчороұлы (Колбин) рөл ойнады.

2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Грузия теміржол ведомстволары Халықаралық транскаспий көліктік консорциумын құру туралы уағдаласты.

2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Ердоған исламдық бітімгерлікке келу бойынша бірлескен декларацияға қол қойды. Құжатта мемлекет басшылары халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, мемлекеттер арасында достық қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттардың ықыластылығын растады.

2016 жылы Қарағандыда №38 мектеп оқушысы Дарья Андрейченко стипендиялық бағдарламалардың негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс грантын алған алғашқы қазақстандық атанды. Дарья әлемнің ең беделді ЖОО-ларынан, оның ішінде Дьюк университетінде оқуға шақырту алды.

2018 жылы Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының Геология институтында Тәжікстан Ғылым академиясының тұңғыш шетелдік құрметті мүшесі, қазақстандық көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевқа арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі болды.

2021 жылы «Қазстандарт» арнайы ramazan.ksm.kz ресурсын – уақыт пен жиіліктің мемлекеттік стандартымен синхрондалған сағаттарды іске қосты. Мұнда ораза ұстаған әрбір адам Қазақстанның барлық аймақтарында күннің шығуы мен бату уақытын дәл анықтай алады.

2022 жылы алматылық суретші Әсел Бекжан қазақтың соңғы ханы Кенесарының ерекше портретін жасады.

«Көрерменнің назарын өнерге аудару үшін арнайы материалды пайдалану қажет. Ол үшін көз бояйтын қарындашты қолдандым. Көптеген кішкентай адамдардың суретін салып, ханның бейнесін қағаз бетіне түсірдім. Негізгі ой – Кенесарының үш жүз адамның басын біріктірген тұлға екенін көрсету (бір жорықта қолбасшы өз туының астына 300 сарбаз жинаған), - деді ол.

2022 жылы Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушысы Ярослава Кравчук NASA білім грантын жеңіп алды. Ол кометалар мен астероидтар топырағынан сутегі отын алу үшін «Қаныш» шағын ғарыш кемесінің үлгісін жасады.

Ярослава ХХІІ Сәтбаев оқулары халықаралық ғылыми конференциясында өз өнертабысын таныстырды. Енді Я. Кравчук жыл сайын FISE ғарыштық білім беру халықаралық қоры ұйымдастыратын NASA Біріккен ғарыш мектебінде Қазақстан атынан қатысады.