13 сәуір. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 13 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

62 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, ғалым Ақылбек Қажығұлұлы КҮРІШБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1983-1997 жылдары – Қазақ жер өңдеу шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының агрономы, директорының орынбасары. 1997-2002 жылдары – А. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 2002-2005 жылдары - Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2006-2007 жылдары – Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылым департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары – Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған. 2008-2011 ж.ж. – Ауыл шаруашылығы министрі болды. 2011-2020 ж.ж. – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры қызметін атқарды.

«Құрмет» (2012), «Парасат» (2018) ордендерімен марапатталған; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «10 жыл Астана» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (12015), «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 10 жыл» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Астанаға 20 жыл» (2018), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020); «Белсенді қызметі үшін» (2019) медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» (2006). А. Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты.

60 жыл бұрын (1963) «ҚР Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ продюсері Қаламқас Әскерқызы ӘБУОВА дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. А. Макаренко атындағы Сумск мемлекеттік педагогикалық институтын (филолог), Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (әлеуметтанушы) тәмамдады.

Еңбек жолы: Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев комсомол аудандық комитетінің хатшысы (1989-1991); «Қазақстан ақпарат агенттігі» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны кадрлар бөлімінің бастығы (1993-1997); ҚазААГ тілшілер желісінің меңгерушісі, бас редактор (1997-2009); «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары (2009-2012); «ҚазАқпарат» ХАА директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары (2014-2016), 2019-2022 жылдары «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ Төрағасының кеңесшісі.

«Құрмет» орденімен, «ҚР Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Үкіметі басшысының, ҚР Парламент палаталары спикерлерінің, сондай-ақ министрліктер мен ведомстволардың Алғыс хаттарымен марапатталған.

48 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуроры Дастан Әбдіқадырұлы СЕКЕНОВ дүниеге келді.

Жетісу (бұрынғы Талдықорған) облысында туған. Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген (1997).

Еңбек жолы: Алматы қаласы Ақсай аудандық прокуратурасының стажері (1996-1997); Алматы қаласы Әуезов ауданы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі (1997-1999); Алматы қаласы прокуратурасы қылмыстық істер бойынша сот шешімдері мен атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры (1999-2001); Бас әскери прокуратура ұйымдастыру-кадр жұмысы басқармасы кадр жұмысы бөлімінің бастығы (2001-2001); Бас әскери прокуратура сот шешімдерінің заңдылығын, үкімдердің орындалуын және атқару өндірісін қадағалау бөлімінің бастығы (2001-2008); Бас әскери прокуратура тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы (2008-2009); Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры (2009-2014); Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Сотқа дейінгі тергеп-тексеру департаментінің директоры (2014-2017); Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры (2018 ж.); Президент Әкімшілігі мемлекеттік-құқықтық бөлімінің инспекторы, сектор меңгерушісі (2018-2019); Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы (2019-2021); Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары (2021-2022).

2022 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

47 жыл бұрын (1976) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Елубайұлы ОРАЗБЕК дүниеге келді.

Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы: математик, инженер-бағдарламашы.

1995-1999 ж.ж. – Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қолданбалы математика институты «Компьютерлік математикалық физика» зертханасының инженері; 1999-2000 ж.ж. – Кәсіпорындарды қайта құру және тарату агенттігі филиалының талдау және ақпарат бөлімінің бас маманы; 2000-2003 ж.ж. – «Кушпен-Телеком» ЖШС Lotus технологиялары бөлімінің басшысы, инженер-бағдарламашы; 2003-2006 ж.ж. - Президент Әкімшілігі Ақпараттандыру және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімі Ақпараттандыру және ақпараттарды қорғау секторының меңгерушісі; 2006-2008 ж.ж. - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары; 2008-2010 ж.ж. – «Телекоммуникация саласындағы техникалық сүйемелдеу және талдау орталығы» РМК директоры; 2010-2011 ж.ж. – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы; 2011-2012 ж.ж. – «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары; 2012-2015 ж.ж. – «Al.As.Ay» ЖШС кеңесшісі; 2015 жылы – «ҚазТрансОйл» АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры; 2015-2017 ж.ж. – «Транстелеком» АҚ ақпараттық технологиялар жөніндегі атқарушы директоры; 2017-2019 ж.ж. – «ҚР Блокчейн мен криптотехнологияларды дамыту қауымдастығы» КЕҰ вице-президенті.

2019 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.