13 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 13 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

13 тамыз, ДҮЙСЕНБІ

Халықаралық солақайлар күні. 1984 жылы Халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасымен атап өтіледі. Әлем тұрғындарының 10 пайызға жуығы - солақай. Солақайлардың қатарында Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Рафаэль, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Мэрилин Монро, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар.

Тунисте әйелдер күні. Тунисте 1956 жылғы 13 тамызда әйелдер құқық субъектілері ретінде танылған Манифест қабылданды. Бұл күні әйелдердің тәуелсіздігі атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

38 жыл бұрын (1974) Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік нотариат туралы» Заңы қабылданды.

9 жыл бұрын (2003) Семей қаласында аквапарк ашылды. Құны 295 миллион теңгеге бағаланған бұл нысан республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылған. Аквапарк іске қосылғаннан кейін «ШАМ» республикалық қазыналық кәсіпорнының балансына өтті. Жаңа аквапаркте субұрқақтар, пластиктен жасалған су ішіндегі қыраттар, сарқырамалы жартасы бар айдын, көпірше, жазғы кафе, секіру трамплині бар бассейн жұмыс істейді.

13 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Сертификаттау туралы», «Стандарттау туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік марапаттаулар туралы» Жарлығына өзгертулер  мен толықтырлар енгізу туралы» Заңы жарияланды.

92 жыл бұрын (1920) бірінші қазақ ақпарат агенттігі, қазіргі «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ-ы 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. 1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.

Әр жылдары агенттіктің басшылары болғандар: ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Жанай Сейітжанұлы. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев, А.Шағалақов және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді. «Қазақ ақпарат агенттігі (Қазақпарат)» Ұлттық компаниясы - бұл акциялар топтамасы 100% мемлекетке тиесілі ашық акционерлік қоғам.

Бүгінгі таңда компанияның 110-ға жуық қызметкері бар. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасын Дияров Дәурен Кеңесұлы басқарады. 2005 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін «Қазақпарат» ҰҚ» АҚ-ның кеңсесінде болды. «ҚазАқпарат агенттігі» жоғары билік буындарындағы тағайындаулар мен өзгертулер, президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жөнінде мейлінше дәл ресми ақпарат беріп, республиканың барлық облыстарының экономикалық, мәдени ең соңғы жаңалықтарын ұсынады. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия Экономикалық қауымдастық, ТМД және Балтық жағалауы елдері жаңалықтары қазақ, орыс тілдерінде, Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтары ағылшын тілінде жедел таратылып тұрады.

ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың мүшесі. ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТА, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктердің серіктесі. Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр. «ҚазАқпарат» Қазақстандағы ең ірі және таралымы жоғары ақпарат агенттігі болып табылады. Елдің барлық облыстарында, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Байқоңыр, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған. Орал, Өскемен, және Шымкент қалаларында меншікті тілшілері бар. Арнаулы тілшілер республикамызға стратегиялық маңызы бар таяу және алыс шетелдердің астаналары мен қалаларында - Нью-Йорк, Мәскеу, Бейжің, Брюссель, Ташкент, Бішкек және Санкт-Петербор мен Түменде арнайы тілшілер жұмыс істейді. Агенттік шет елдердегі тілшілер желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. «ҚазАқпарат» жаңалықтары агенттіктің - www.inform.kz, www.nkkazinform.kz, www.kazinform.kz - веб-сайттары арқылы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде таратылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі жаңалықтар академик Ә.Қайдар әдісі нұсқасы негізінде латын қаріптерімен де беріледі. Осының арқасында шет елдерде тұратын және кирил әрпін білмейтін қандастарымыз өздерінің тарихи отандарында болып жатқан оқиғалардан хабардар болу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі сайтты пайдаланушы елдердің қатарында Венгрия, Бельгия, Франция, Түркия, Польша, Нидерланд, Украина, Қырғызстан, Жапония, Сингапур, Израиль, Австрия және тағы да басқа мемлекеттер бар.

«ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның негізгі ақпараттық өнімдері, жаңалықтар таспасы, сатып алушыларға жіберілетін негізгі ақпараттық топтамалар: «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» фотожаңалықтар таспасы, «Атаулы күндер. Оқиғалар, Есімдер» ақпараттық күнтізбесі.

Қазіргі уақытта ҚазАқпараттың www.foto.inform.kz фотосайты жұмыс істейді. www.foto.inform.kz қызметінің негізгі бағыты - фотоөнімдерді дистанциялық сату.

ҚазАқпарат бүгінде On-line режимінде қазақ, орыс, ағылшын және араб тіліндегі қазақстандық және әлемдік жаңалықтардың шұғыл, обьективті және эксклюзивті таспасы. Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі, Үкімет, Мәжіліс, аумақтық мемлекеттік органдар, ұлттық қаржылық және өнеркәсіптік құрылымдар сияқты - мемлекеттік құрылымдардың қызметі туралы толық және нақты ақпарат беріп отырады.

Қазақстанның барлық аймақтарының, Орталық Азияның және әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық салалары бойынша анық та сарапталған нақты ақпараттар береді.

Агенттіктің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқан.

«ҚазАқпараттың» Алматыдағы филиалы ірі мегаполистің, еліміздің қаржы және мәдени орталығының тіршілігінен жедел ақпарат беретін тәжірибелі журналистермен қамтылған.

9 жыл бұрын (2003) Павлодарда «Аутсайдер күнделігі» атты жастар журналының бірінші саны жарық көрді.

«Аутсайдер күнделігінің» шығарушысы - ақындар мен әдебиетшілерді, фотосуретшілер мен журналисттерді, жас суретшілерді біріктірген тәуелсіз Бірлескен жастар қоры.

9 жыл бұрын (2003) Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудан орталығынан 130 шақырым жердегі Бекетай құмдарында Исатай-Махамбет көтерілісшілерінің патша әскерімен шайқасқанына арналған ескерткіш орнатылды.

Дәл осы жерде 1837 жылғы қарашаның 15-інде күрескерлер бостандық үшін патша әскеріне қарсы тұрған тарихи Тастөбе шайқасы болды.

Көтерілісшілерді Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы басқарды.

Ескерткіштің биіктігі 5 метр, ал салмағы 3 тонна. Исатай мен Махамбеттің басып алушыларға қарсы шыққан шайқасы туралы мәліметтер қабырғаға қашаланған.

5 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының әкімі Аманжол Сәлімов басқарған археологиялық және өлкетанушылық жұмыстары нәтижесінде ұлы ақын әрі батыр Махамбет отырған зынданның есігі табылды.

Төбесі дөңгеленіп өрілген, тік төрт бұрышты қабырғалары қыш-тастан қаланған бұл зынданның биіктігі 3, ені 4 метрдей болған. Ішіне кіргенде, тастан трапеция етіп өрілген баспалдақпен 1-1,5 метрдей төмен түсуге тура келеді. Жоғары жағында екі торлы терезе болған. Қабырғаларына тұтқынның қолын байлайтын темір шығыршықтар бекітіліпті. Есіктің жасалуы ерекше, ешқандай дәнекерлеуші құралсыз темірден түрлі ою-өрнектер салып, оны мықтап бекіткен.

Махамбет Өтемісовті (1804-1846) Орынбор губернаторының бұйрығы бойынша 1841 жылы Жылыой жағында казак-орыс әскері тұтқынға алады. Содан оны алдымен Гурьевке (Атырау) әкелген, сосын Калмыковқа (Тайпақ) жеткізген. Калмыковтан Оралға апара жатқанда Антон ауылындағы (қазіргі Атамекен ауылы) зынданға салып, бір түн «түнеткен».

5 жыл бұрын (2007) Қытайда қазақ жазушысы және драматургі, Атырау облысының тумасы Рахымжан Отарбаевтың төте жазумен және қытай тілінде жарық көрген «Соғыстың соңғы бомбасы» (қытай аудармасы - «Хэй Сюаньфэн») кітабының таныстырылымы өтті.

Жинаққа «Бәйтерек», «Американың ұлттық байлығы», «Жалғыздық», «Жайық туралы аңыз» және т.б. повестері мен тарихи әңгімелері кірді. Кітап Қытайда тұратын қазақтар қоғамының бастамасымен аударылып отыр.

3 жыл бұрын (2009) Өскеменде тамыздың 13-і мен 15-і аралығында Қазақстандағы беларустардың мәдениеті мен тарихының күндері өтті.

Бұл шара беларустардың Қазақстан жеріне қоныстана бастауының 100 жылдығына арналып отыр.

Беларустар XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанға қоныс аударуы 1861 жылы крепостнойлық құқықтың жойылуымен және «Село тұрғындары мен мещандарды қазына жерлеріне өз еріктерімен қоныс аудару» туралы заңның қабылдануымен байланысты. Көші-қон үдерісі столыпиндік аграрлық реформадан кейін және 1849 жылы Сібір темір жолы ашылғаннан кейін күшейе түскен.

3 жыл бұрын (2009) Оралда ақын Сағат Әбдіғалиевтің (1948-1984) «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді.

Кітап «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» топтамасы шеңберінде «Ағартушы» баспасынан басылып шықты. Жинақтың тиражы - мың дана.

Кітапты баспаға дайындаған және құрастырған журналист, ақындар Ғайсағали Сейтақ және Қазыбек Құттымұратұлы. Жинаққа ақынның бұрынғы және соңғы өлеңдері енді.

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1938) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖҰМАБЕКОВ Төлеген Алтайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын, Мәскеу педиатрия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1964-1967 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық ауруханасының бас дәрігері, бас хирургі болып істеген. 1970-1988 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институты балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті, доценті болған. 1988 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрігерлер білімін жетілдіру институты кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясын зерттеуге арналған. Ол балалардың басы жарылып, миы зақымданған кезде және  ауыр жарақаттан кейін бүйректің қалыпты жағдайда қызмет атқаруын интенсивті терапиямен емдеудің ұтымды тәсілдерін ұсынды.  Балалардың өкпе ауыруын емдегенде, олардың қанын ультракүлгін сәуледен өткізіп, өздеріне қайта құюдың тиімді екенін дәлелдеді. Жұмабеков республикадағы балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясы дамуына елеулі үлес қосты.

74 жыл бұрын (1938) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ӘТКЕШОВ Жұмағали Сәйденұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1971-1973 жылдары - Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1973-1975 және 1981-1986 жылдары - Целиноград ауыл шаруашылығы институтының доценті, кафедра меңгерушісі. 1975-1981 жылдары - Солтүстік мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі. 1986-1994 жылдары - Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары. 1995-2000 жылдары - «Жайық» агрофирмасының кеңесшісі. 2000 жылдан «ҚазАгроФинанс» жабық акционерлік қоғамының кеңесші-консультанты, басқарушы директоры болған. Қазір «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі.  Бірнеше кітаптың және 100-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.

Медальмен марапатталған.

123 жыл бұрын (1889-1982) кеңес геологы және палеонтологы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, РКФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері НАЛИВКИН Дмитрий Васильевич дүниеге келді.

Петербор қаласында туған.  Петроградтың тау-кен институтын бітірген. 1924 жылдан осы институтта профессор болып, фациялар туралы ілімнен алғашқы лекциялар оқыды. 1946-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясының көлтану зертханасының директоры қызметін атқарды. 1956 жылдан Мекемеаралық стратиграфиялық комитеттің тұңғыш төрағасы болып, Орталық Қазақстанда жоғары девон мен төменгі карбонның стратиграфиялық схемасының негізін құрды.

Ол - КСРО-ның ұсақ масштабты геологиялық карталарының бас редакторы. Геологиядағы жаңа сала - фация туралы ілімнің негізін қалады. Негізгі ғылыми еңбектері Оралдың боксит кендері мен Орал алдының мұнай кен орындарын зерттеуге арналған. Геологтардың ұлттық комитетінің төрағасы, Халықаралық геологиялық конгрестің 21-сессиясында, оның стратиграфиялық комиссиясының вице-президенті болды.

4 рет «Ленин»орденімен, басқа да ордендермен, бірнеше медальмен марапатталған.

198 жыл бұрын (1814-1874) швед физигі және астрономы АНГСТРЕМ Андерс Йонас Ангстрем дүниеге келді.

Швецияның Лёгдё қаласында туған. Упсала қаласында университетті бітірген. 1858 жылдан Упсала университетінің профессоры, физика кафедрасының меңгерушісі, ректоры қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері спектрлік анализге арналған. 1861 жылы күн сәулесінің спектрін зерттеумен тұрақты айналысып, Күн ауасында сутегінің бар екендігі туралы қорытынды шығарды. 1867 жылы алғашқылардың бірі болып солтүсті шұғыла пектрін зерттеді. 1868 жылы ұзақ жылдар бойы беделді дерек көзі болған күн сәулесінің спектрлік желісінің  алғашқы толық атласын жариялады. Ғалымның есімімен негізінде оптикада, атом физикасы мен молекулалық физикада қолданылатын өлшем бірлігі аталады. Ангстрем 1870 жылы  Лондон корольдік ғылыми қоғамның мүшесі болып сайланған. 1872 жылы Румфорд медалімен марапатталған.

113 жыл бұрын (1899-1980) ағылшын және американ кинорежиссері, сценарист ХИЧКОК, Хитчкок (Hitchock) Алфред дүниеге келді.

Лондонда туған. Лондонда иезуиттер колледжін бітірген. Кинодағы дебютін 1920 жылы бастады. 1923 жылдан ағылшынның «Гейнсборо» киностудиясында қызмет етті. 1926 жылы «Пәтерші» фильмін қойды. Осыдан кейін ол негізінен психологиялық шырғалаң оқиғалы «Усойқылық», «Өлшеусіз білгіш», «39 қадам» атты фильмдерін қоюмен шұғылданды. 1940 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, Голливудте «Ребекка», «Шүбәлылық», «Күдік белгісі», тағы басқа шырғалаң оқиғалы фильмдерді қоюды одан әрі жалғастырды. Соңғы қойған «Жіп», «Психоз», «Құстар» атты көріністерінде есі ауысқан сырқат жандардың патологиясын тәпіштеп көрсетуімен ерекшеленеді.

102 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор ДАУЫЛБАЕВ Нәби Нұғыманұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Целиноград ауданынында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық институт) бітірген.

Ақмола қаласында педагогикалық техникумның оқытушысы, мектеп директоры, Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінде доцент, декан, кафедра меңгерушісі, профессор-консультант қызметтерін атқарған.

Ғылыми жұмысының негізігі бағыты - Қазақстан көмір өнеркәсібінің даму тарихы, осы салада жұмысшы табы кадрларының қалыптасуы.

77 жыл бұрын (1935-1978) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЖАНҰЗАҚОВ Тельман дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін) бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш) газетінің әдеби қызметкері болып бастады. Осы газетте бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1967-1971 жылдары «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі, 1972-1974 жылдары екі тілде шығатын «Ара» журналының бас редакторы, 1974 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, директоры, Қазақстан Кинематографистер одағының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.

«Ради жизни на земле», «Олимпийский факель», «Азаматтар» атты кітаптардың авторы. Швейцар жазушысы Ф.Дюрематтың «Сот пен жендет» повесін, Америка жазушысы Ф.Купердің «Могиканның соңғы тұяғы», А.Толстойдың «Инженер Гариннің гиперблоиды» романдарын қазақ тіліне тәржімалады.

Оның есімі Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылындағы орта мектепке берілген.

71 жыл бұрын (1941) белгілі филолог-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қоғамдық қайраткер, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Мемлекеттік тіл» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары, Алматы облыстық әзірбайжан мәдениет орталығының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысының және Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданның құрметті азаматы ОСМАН Асылы Әлиқызы дүниеге келді.

Грузияда туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, ҚазКСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. 1969-1993 жылдары - ҚазКСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері. 1993-1997 жылдары - ҚР Тіл комитетінің, ҚР ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы. «Тұран» Әзірбайжан мәдени орталығының вице-президенті болды. 1997 жылдан зейнет демалысында.

«Парасат», екінші дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған.