Үш ғарышкер отырған капсула жоспарланған уақытта Ішкі Монғолия аймағында сәтті қонған.
Арасында тұңғыш қытайлық ғарышкер-әйел, Лю Ян болған экипаж ғарышта бірқатар ғылыми тәжірибелер өткізіп, Қытай тарихында алғаш рет орбитадағы модульмен түйіскен. Жалпы соңғы кезде Қытайдың ғарыш бағдарламасы қарқынды дамып келеді. 2003 жылы Қытай алғаш рет ғарышқа өз адамын ұшырып, Кеңес Одағы мен АҚШ-тан кейін, ғарышкерлері бар кемелерді өз күшімен ғарышқа шығарған үшінші елге айналған. Ал 2020 жылға дейін ғарышта өз стансасын салуды көздеп отыр. Сол мезгілге дейін АҚШ, Ресей, Жапония мен еуропалық елдер қолданып жүрген Халықаралық ғарыш стансасының жұмыс мерзімі де бітеді. Егер оның орнын өзге станса ауыстырмаса, Қытай ғарышта тұрақты негізде істейтін жалғыз елге айналады.