13 түрлі дәнді дақылдан өрілген «Ерекше киіз үй» көрермен назарына ұсынылады

АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - 22 наурызда елорда әкімдігі алдындағы алаңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ақшаңқан үйінде «Ерекше киіз үй» атты эксклюзи вті іс-шара өтеді.

«Дәнді-дақылдармен көмкерілген киіз үй алғаш рет көрермен назарына ұсынылып отыр. Қазақстанда өсірілетін 13 түрлі дәнді дақылдарды жинақтап, қолдан жасалған (!) киіз үйдің жалпы аумағы (диаметрі) 55 см. Бұл Университеттің 55 жылдық мерейтойымен байланысты.  Ал 13 түрлі дәнді-дақылдың таңдалуы Астана қаласының 13 жылдығы, яғни алғашқы мүшел жасына сәйкес алынған», - делінген білім ордасының баспасөз хабарламасында.

Киіз үйді қондырған тұғырдың ені 57 см болса, ұзындығы 70 см-ді құрайды. Бұл жерде 57 саны 1957 жылы құрылған университет тарихының беттері басталған мерзімді білдіреді. Ал  70 см қазақтың киелі саны 7-мен байланысты.