13 жасар теннисші Заңғар Нұрланұлы Париждегі турнирдің финалисі атанды
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, айтулы додаға әлемнің 30 елінен 160-тан астам жас ойыншы қатысты
Қазақстаннан жарыстың бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлымен бірге Даниэль Тазабеков, Дамир Жалғасбай, Сәтима Төреген және Ариана Гогулина бақ сынады.
Заңғар Нұрланұлы финалда тартысты матчта германиялық Нильс Макдональдқа есе жіберді – 6:7 (4:7), 4:6.
Бұл турнирдің ерекшелігі, мұндағы бәсекелер атақты Roland Garros корттарында өтеді. Кезінде мұнда әр жылдары жасөспірім шағында Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис, Стефанос Циципас, Карлос Алькарас және басқалар жеңімпаз атанған болатын.
Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ITF Juniors сериясы бойынша өткен бесінші санаттағы турнирде қарағандылық Виталий Зацепин тамаша өнер көрсетті.
Осында жұптық сында Анастасия Крымкова чемпион атанды. Ол қырғызстандық Владислава Андреевскаямен бірге Қарақат Қойлыбаева – Дарья Шубинаны бас жүлдесіз қалдырды – 6:1, 6:2.
Грузияда 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF жарысында алматылық Іңкәр Дүйсебай финалға дейін жетті.
Тағы бір алматылық Роберт Каминский Германияда 12 жасқа дейінгілер арасында бірінші санаттағы Tennis Europe додасында жұптық сында озық шықты. Жекелей сында ол жартылай финалда ресейлік Александр Куницыннан жеңілді – 3:6, 3:6.
Сондай-ақ Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина барша жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.