13 жасар жеткіншек Қостанайдағы бәйгеден 57-інші көлігін ұтып алды
Салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы билік өкілдері, ардагер спортшылар қатысты. Облыстық филармонияның әртістері концерттік бағдарлама ұсынды. Әуелі, жиылған жұртқа әуесқой спортшылар «Қыз қуу» ойынын көрсетті. Сонымен қатар, әуесқой спортшылар садақ тартуға да шықты.
Бәйге десе, делебесі қозбайтын қазақ бар ма?! Бұл жолғы бәйгеге республиканың түкпір-түкпірінен және Ресейден барлығы 88 тұлпар әкелінді. Әуелі 3 шақырымдық тай жарысының жеңімпаздары анықталды. Бірінші орынды алматылық Бақыт Сәдуақасов есімді шабандоз иеленді. Оған 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Келесі кезекте - 9 шақырымдық тоқ бәйге. Тоқ жарысқа түскен топ ішінен 13 жасар Ақжол Жұматайға тең келер ешкім болмады. Оған «Peugeot» көлігі сыйға тартылды.
Ақжол Жұматайдың аты аламан бәйгеде де озды. Аламан бәйге 21 шақырымға шақталды. Жеңімпаз бұл жолы да «Peugeot» көлігінің кілтін алды.
Айта кетейік, бұл көліктер «АгромашХолдинг» АҚ демеушілігімен сатып алынды. Екінші тұғырға Бақыт Сәдуақасов жайғасты. Үздік үштікті Ербол Замудин есімді шабандоз қорытындылады. Жеңімпаздарды Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов марапаттады.
- Сегіз жасымнан бастап бәйгелерге қатысамын. Ат баптауды ағам үйретті. Өзім Қордайда туғанмын. Бәйгелерде Алматы облысының атынан шығамын. Осы уақытқа дейін 55 автокөлік ұттым, - деді аламан бәйгенің жеңімпазы Ақжол Жұматай.
Мұнан соң бөктергісі мен білегі мықты жігіттердің бәсекесі - көкпарға кезек келді. Финалда Таран ауданының спортшылары Қостанай облыстық ІІД құрамасын ұтты. Үшінші орын Қостанай ауданының көкпаршыларына бұйырды.
Аударыспақ екі салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды. 80 келіге дейінгі білектілердің арасынан Бақтияр Ертасов, Дархан Садыман, Бақдаулет Асановтар өзара жүлде бөлісті. Ал ауыр салмақта Серік Ахметов жеңімпаз болды. Сондай-ақ, жүлдегерлер қатарында Еркебай Жақыпов пен Алдияр Байтасовтар сынды аударыспақшылар бар.