13 жыл күткен пәтер: Ақтау тұрғыны баспанасының жағдайына шағымданды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда жетім балалар санатына жататын тұрғынға берілген пәтердің жағдайы наразылық туғызды. Әйелдің айтуынша, баспана 13 жыл күткеннен кейін берілгенімен, пәтерде жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Қала әкімдігі тұрғынның шағымына жауап берді.

Фото: ladakz

Алевтина Медведеваның айтуынша, ол баспананы шамамен 13 жыл күткен. Пәтерді биыл жазда алған. Алайда пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болып шықты. Қабырғалар мен еденнің таза әрлеуі жасалмаған, бөлмеаралық есіктер орнатылмаған. Сонымен қатар құрылыс және электр монтаждау жұмыстары да толық аяқталмаған.

— Қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған жоқпын. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгіндім. Онда мәселені біледі және 24 тамызға дейін жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді, — дейді Алевтина Медведева.

Алайда белгіленген мерзімге санаулы күн қалғанына қарамастан, тұрғынның айтуынша, пәтерде жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ресми өтініш жолдап, пәтерді комиссиялық тексеруден өткізуді сұрамақ. Сондай-ақ баспананың қандай жағдайда тапсырылуы тиіс екенін көрсететін құжаттарды беруді талап етіп отыр.

Осы жағдайға қатысты Ақтау қалалық әкімдігі ресми жауап беріп, аталған пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

— 2024 жылы бюджет қаражаты есебінен Ақтау қаласында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 500 пәтер сатып алынды. Аталған пәтерлерді сатып алу мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне сәйкес түрлі құрылыс ұйымдарымен келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылды. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған Ақтау қаласының тұрғыны Алевтина Александровна Медведеваға 2024 жылы сатып алынған пәтерлердің қатарынан берілген баспанада мердігер ұйым — «K7 Group» құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жөндеу жұмыстарын аяқтаудың болжамды мерзімі — 30 күн. Жағдай бақылауда, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақтөбеде қабырғасы қақ айырылып тұрған екі қабатты үйдің тұрғындары көмек сұрады.