13 жылға созылған «Есқұла» су құбыры биыл пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова құрылысы ұзаққа созылған су жобалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: gov.kz

«Есқұла су құбырын салу 2010 жылы басталды және бірнеше рет түзетулерге ұшырады. Осыған байланысты нысанды пайдалануға беру кешіктірілді. Қазір бұл нысан су ресурстары саласындағы «ұзақ құрылыс» нысандарының Жол картасына енгізілген. Бұл ретте қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, барлық тиісті қаржы қаражаты бөлінгенін атап өтемін. Барлық жұмыстарды биылғы маусым айында аяқтау жоспарлануда», - деді З. Сүлейменова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, аталған Жол картасында Преснов топтық су құбыры 1-кезек жобасы да бар. Оның құрылысы 2014 жылы басталды, 2018 жылға дейінгі мердігер «СМП-610» ЖШС болды, өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты сот шешімімен шарт бұзылған. Сонымен қатар, 2017 жылы жобаны түзету жүргізілді. Себебі СҚО әкімдігінің хаттарына сәйкес, Есіл мен Мәмлүт аудандарында 6 ауылда (100 адамнан аз) халық санының аздығына байланысты осы су жинау құрылыстарының кешені су тарату пунктіне ауыстырылды.
Жобаны жалғастыру үшін 2018 жылы «ҚазСуШар» РМК-мен шарт жасалды. Құрылыс құнының сметалық есебі 2012 жылғы бағамен бекітілгенін ескере отырып, материалдардың қымбаттауы себепті құрылысты жалғастыру мүмкін болмаған. Бүгінгі таңда жобаны түзетудің орындылығы туралы республикалық бюджеттік комиссиясының шешімі шықты.
«Жобаны түзетуді 2023 жылдың мамырында аяқталады. Бұдан әрі бас мердігер қалған 81 км магистральды төсейді. Содан кейін сорғы және тазарту жабдықтарын байлау және қосу жүзеге асырылады. Бұл ретте 2023 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыруға 1 млрд теңге қарастырылғанын атап өтеміз. Нысан 2024 жылдың соңында аяқталады. Нәтижесінде 23,2 мың адам тұратын 12 ауылды сумен жабдықтау жақсарады», - деді Экология министрі.
Сонымен қатар, Ақмола облысының Қорғалжын және Егіндікөл аудандарында Нұра топтық су құбырынан су беру бойынша халықтың шағымдары бар, оның 75% тозған.
«Оны толық реконструкциялау үшін министрлік жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуде, оны биылғы жыл соңында аяқтау жоспарланып отыр. Одан әрі іске асыру кезең-кезеңімен 4 кезекте жүргізіледі», - деді Зүлфия Сүлейменова.
Бұған дейін спикер Қазақстанның қай өңірлерінде су құбырлары жаңартылатынын айтқан еді.