***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Мәскеуде өткен Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысы жөнінде жазған. Басылымның мәліметтерінше, Біртұтас экономикалық кеңістік құру жолындағы жұмыстар жоспары биыл толығымен іске асты. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, биыл оның
25 құжатына, соның ішінде 8 халықаралық келісімге және 17 басқа да құжаттарға қол қою белгіленген. Соның 6-ын Қазақстан, 6-ын Беларусь және 5-ін Ресей жағы әзірледі. Бұлар БЭК-тің келісімдік-құқықтық арқауының негізін қалаған құжаттар болды. Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңі» атты мақалада.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстанның» жазуынша, Мәскеуде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы болып өтті. Отырыс барысында көтерілген мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінігі санында «Астана төрағалығының басымдықтары таныстырылды» атты тақырыппен жарық көрді.
***
Министрлер Кабинеті өзінің кешегі отырысын толығымен дүрбелеңге түскен Жаңаөзендегі жағдайға арнады. Онда Үкімет басшысы Елбасы өзінің Жарлығымен Жаңаөзен қаласының жағдайын қалпына келтіру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалада төтенше жағдай енгізгенін атап өтті. Осы орайда ол Үкіметтің қазіргі уақытта бірінші міндеті - тәртіпсіздіктің салдарынан орын алған әлеуметтік, экономикалық, гуманитарлық проблемаларды тез арада шешу үшін қажетті жағдайлар жасау керектігін айтты. Аталмыш жиын барысында көтерілген осы және өзге де бірқатар мәселелер «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Тәртіпсіздіктің түпкі себебі терең зерттелді» атты тақырыппен берілген мақалада басылды.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сегіз мемлекет арқылы өтетін наркотрафикті анықтап, 6 тоннаға жуық Ауғанстан есірткісін тәркіледі. Бірнеше мемлекеттің арнайы қызметі қатысқан «бақылаумен жеткізу» операциясына, ашылғанына екі жыл болған «Есірткі психотроптық заттардың және олардың пркурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Ортаазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы (CAR-ICC)» халықаралық мекемесі басшылық жасаған. Бес айға созылған арнайы операцияның нәтижесінде 5 тонна 749 келі Ауғанстанда жасалған «гашиш» деп аталатын каннабис шайырының мұхиттың ар жағына қалай өтетіндігі, оған кім тапсырыс беретіндігі анықталды. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «130 миллион доллардың есірткісі тәркіленді» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, елде тағы да жанармай тапшылығы жұрттың жағасынан алды. Ал құзырлы орган басшылары әлі үнсіз. Шымкенттіктер болса екі аптадан бері көліктерінің «шөлін» басамыз деп қаланы шыр айналып, «тірі» ақшаға жанармай сатып алатын бекет таппай, онсыз да өшкелі тұрған темір тұлпарының демін тауысып жүр. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Шымкенттік көліктер қақалып тұр» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, мамандар Алматы облысындағы өзен-сулардың тасу қаупі бар екендігін ескертеді. Бұған аяздың салдарынан сеңнің тоқтауы себеп. Алдағы тәулікте еліміздің көп бөлігінде аяз қаһарына міне түседі. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Жамбыл облыстары аумағында аяз 30 градусқа дейін күшейеді деп күтілуде. Жағдайдың бұлайша қалыптасуының соңы не болмақ?. Оны «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Аяздың салдарынан су тасқыны болуы мүмкін» атты мақаладан білесіздер.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Жаңаөзендегі және жалпы Маңғыстау облысындағы жағдай қалыпты және ол құқық қорғау органдарының жіті бақылауында. Бұл туралы кеше журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім еткен. Онда Жаңаөзен қаласының комендатурасы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, аймақта заң мен тәртіпті қадағалау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде шыққан төтенше жағдайлар режімін енгізу жөніндегі талаптардың барлығын орындауда. Осы мәселеге қатысты өзге де деректер жөнінде білгіңіз келсе, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Обстановка спокойная» атты мақаланы қараңыз.