130 жоба: Алматы әуежайында алдағы жылдары не салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы халықаралық әуежайын басқарушы TAV Airports компаниясы әуе айлағын 2050 жылға дейін дамытудың бас жоспарын таныстырды.
Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косенің айтуынша, әуе айлағына 2050 жылға дейін 5 кезең бойынша инвестиция салынады. 2025-2028 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде әуежай инфрақұрылымына 362 млн АҚШ доллары жұмсалмақ. Оның аясында 130 жоба іске асырылады.
— Ірі жобалардың бірі — ішкі терминалды толық жаңғырту және ұзындығы 4400 метр болатын жаңа рульдеу жолын салу. Негізгі ұшу-қону жолағы толық бұзылып, бетон негізінде жаңасы салынады. Сонымен қатар жүк перроны мен ірі техникалық ангар салынады. Одан бөлек ұшақтарды мұздануға қарсы өңдейтін алаң болады, — деді Гокер Косе.
Сондай-ақ бірінші кезең аясында VIP-перрон мен әуе кемелерінің тұрақтарын жаңарту, аэродром кешенін салу және отын инфрақұрылымын жаңарту және әуежай маңынан жаңа қонақүй мен көпдеңгейлі автотұрақ салу жоспарланған.
— 2025 жылы біз 12,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетеміз, олардың жартысы — халықаралық бағыттағы жолаушылар. Қазіргі таңда біз тәулігіне 150 рейс орындаймыз және бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. 2050 жылға дейін 40 миллион жолаушыға қызмет көрсете алатын заманауи, экологиялық таза және технологиялық инфрақұрылым қалыптастырамыз, — деді әуежай басшысы.
Ресми бөлімнен кейін БАҚ өкілдерімен тілдескен Гокер Косе 2050 жылға дейін жалпы қанша инвестиция салынатынын айтқан жоқ. Оның пайымдауынша, бұл ұзақ мерзімді жоспар болғандықтан, нақты айту мүмкін емес. Бірақ ол әуежайдың дамуына 25 жылда 1,5 млрд доллар қаржы құйылуы мүмкін деп болжады.
Еске салайық, 2021 жылы Алматының халықаралық әуежайы Түркияның TAV компаниясының меншігіне өтті.
Былтыр 1 маусым күні Алматы әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады.
Кейін Алматы әуежайының президенті жаңа терминалға айтылған сынға жауап берді.