14 ақылы учаскеде төлемақы уақытша қалай қайта есептеледі

Фото: ҚазАвтоЖол

АСТАНА. KAZINFORM – 29 қаңтардан бастап республикалық маңызы бар 14 ақылы жол учаскесінде төлемақы есептеу тәртібі жаңарды. 

Енді жолда ақауы анықталған бөліктер уақытша түрде ақылы қашықтықтан алынып тасталады.

Соның нәтижесінде жүргізуші төлейтін сома төмендейді.

— Ақы тек талапқа сай, қауіпсіз жол бөлігі үшін ғана алынады. Ал ақауы бар тұстар толық қалпына келтірілгенге дейін тарифке кірмейді, — делінген ҚазАвтоЖол хабарламасында.

Жүргізушіге қалай әсер етеді?

Жолдың өзі ақылы болып қала береді, бірақ төлем мөлшері аздау есептеледі.

— Ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Төлем жүйесі бәрін автоматты түрде жүргізеді, ақауы бар бөліктерді өзі есептен шығарып, төлемді жаңаша шығарады, — делінген хабарламада.

Демек жүргізуші бұрынғыдан аз төлейді.

Мысалы үшін Астана — Теміртау бағытында жеңіл көлік бұрын 410 теңге төлейтін. Ақаулы бөліктер уақытша есептен алынғаннан кейін төлем 360 теңге болады. Жүргізуші жолдың «қалыпты», талапқа сай бөлігі үшін ғана төлейді.

— Тарифті осылайша уақытша өзгерту ақаулар толық жойылғанға дейін сақталады. Ал ақауларды жөндеу жұмыстары биыл жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады. Бұдан бөлек, жолдың жай-күйі үнемі бақылауда болады ақау байқалса, дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік жасалады, — делінген ведомство хабарламасында.

Төлем мөлшерлемелері қайта есептелетін 14 учаске:

1. Көкшетау — Петропавл
2. Павлодар — Семей — Қалбатау
3. Павлодар — Омбы
4. Астана — Теміртау
5. Алматы — Қонаев
6. Қонаев — Талдықорған
7. Шымкент — Қызылорда
8. Орал — Самара
9. Орал — Саратов
10. Астана — Павлодар
11. Қызылорда — Арал
12. Ақтөбе — Орынбор
13. Қостанай — Троицк
14. Тараз — Қайнар

Айта кетелік биыл ақылы автожолдардан 72 млрд теңге түскен