14 ақпан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 14 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1943-2018) сәулетші, дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тимур Бимашұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ленинград инженерлік-құрылыс институтын, Қазақ политехникалық институтын бітірген. «Қазқалақұрылысжоба» жобалау институтының сәулетшісі, Алматы қаласы Калинин ауданының бас сәулетшісі болып қызмет істеген. 1968-1982 жылдары - «Алматыгипрогор» институты сәулетшілер тобының жетекшісі, «Қазқалақұрылысжоба» жобалау институтының бас сәулетшісі. 1982-1987 жылдары - Қазақстан Көркемсурет қорының бас суретшісі. Қазіргі қызметінде 1987 жылдан бастап істейді. Қазақстан Дизайнерлер одағынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымына депутат болып сайланған.

«Парасат» орденімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) медальдарімен марапатталған.

51 жыл бұрын (1971) Нұр-Сұлтан қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Арсен Есенгелдіұлы ЖАҢҒАСҚАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында туған. Академик О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған тау-кен-технология институтын автокөлік және автомобиль жолдары шаруашылығы (1993), Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша (2007) тәмамдаған.

Еңбек жолын 1993 жылы Жезқазған қалалық әкімшілігінің көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары түрлі қызметтерде істеген. 2014 жылдың шілдесінен «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ экономика және қаржы бойынша вице-президенті болды. 2015-2018 жылдары жеке құрылымда еңбек етті.

2018-2020 жж. Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басшысы лауазымында болды. 2020-2021 жж. – Нұр-Сұлтан қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.