14 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 14 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: magnific

Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені қауымдастығы төрағасының орынбасары

Фото: kmg.kz

1947 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1970 жылы И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары Атырау облысындағы «Қазмұнайгазбарлау» басқармасына қарасты Оңтүстік Ембі мұнай-газ барлау экспедициясында бұрғылау жөніндегі инженер-технолог болып қызмет етті. 1974-1981 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтының шайылмалы ерітінділер, бұрғылау технологиясы зертханасының меңгерушісі, 1981-1988 жылдары аталған институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. 1988-1990 жылдары «Каспий маңы геология» бас басқармасында техникалық прогресс пен терең бұрғылауды дамыту басқармасының басшысы, 1990 жылы Гурьев филиалындағы Қазақ политехникалық институтының кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1991-1992 жылдары ҚР Президенті Аппаратының және ҚР Министрлер кабинетінің өнеркәсіп бөлімінің аға референті, 1992-1994 жылдары ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігінің мұнай және газ бас басқармасының басшысы, 1994-1995 жылдары Энергетика және отын ресурстары министрінің, сондай-ақ мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1995-1997 жылдары Италияның «Agip» мұнай компаниясында тағылымдамадан өтті. 1997-2000 жылдары «Қазақойл» ҰМК бірінші вице-президенті, 1999 жылғы тамыз-қазан айларында «Қазақойл» компаниясының президенті міндетін атқарды. 2000-2001 жылдары «ҚазТрансГаз» ЖАҚ президенті, 2001-2003 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, 2003-2008 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті болды. 2008 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ президенті қызметін атқарды, 2008-2009 жылдары бас директорының міндетін орындады. 2010-2013 жылдары Қазақстан мұнай және газ институтының бас директоры болып қызмет етті. 2013-2014 жылдары ҚР Мұнай және газ министрі, 2014-2016 жылдары ҚР Энергетика министрінің бірінші вице-министрі болып қызмет атқарды. 2016 жылдан бастап «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

Юрий ЦХАЙ, «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы

Фото: olympic.kz

1948 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданының Новотроицкое ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтын дене шынықтыру және спорт пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1968 жылы «Локомотив» қоғамының Шу аудандық кеңесінің жаттықтырушысы, 1968-1980 жылдары орта мектеп мұғалімі, Шу қаласындағы БЖСМ директорының орынбасары, Жамбыл облысы боксшылар командасының аға жаттықтырушысы болып еңбек етті. 1980-1989 жылдары ҚазКСР, Кеңес Одағы құрама командаларының бокстан жаттықтырушысы болды. 1989-1991 жылдары Оңтүстік Кореяның бокстан ұлттық құрамасын жаттықтырды. 1991-2007 жылдары «Достар» компаниясының президенті қызметтерін атқарды. 2007 жылы ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2004-2007 жылдары «Каспий инвестициялық холдингі» АҚ президенті, директорлар кеңесінің негізін қалаушы және төрағасы (қазіргі «Caspian Group» АҚ) болды. 2013 жылдан бастап компания «Caspian Group» АҚ деп аталады. 2007-2013 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.

Роза МҰҚАНОВА, жазушы-драматург, сценарист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Фото: jjtv.kz

1964 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын Орталық музейдің әдебиет және өнер бөлімінде бастады. Кейін Жазушылар одағының аударма алқасында аға редактор, Ақпарат министрлігінде жауапты қызметкер болып еңбек етті.

«Жарық дүние», «Қыз жылаған», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Мәңгілік бала бейне» атты әңгімелер мен драмалық шығармалардың авторы. 2001 жылы Рабғузидің «Қисса-сүл-Әнбия» кітабын араб тілінен қазақ тіліне аударды. «Мәңгілік бала бейне» пьесасы 1996 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында қойылды. М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі негізінде дайындалған спектакль 1997 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көрсетілді. Ал «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен 2001 жылы «Қазақфильм» киностудиясы фильм түсірді.

Серікқали БРЕКЕШЕВ, KAZENERGY қауымдастығының төрағасы

Фото: Kazinform

1972 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1995-1997 жылдары «Қазақстан-Ресей сауда үйі» бірлескен кәсіпорнында экономист және бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1997 жылы Ақтау қалалық салық бөлімінде инспектор болды. 1997-1998 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Мұнайгермес» басқармасында инженер, 1998-2006 жылдары «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ-та мұнай өндіру шебері, пайдалану жөніндегі инженер және кен орнының менеджері қызметтерін атқарды. 2007-2008 жылдары Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінде мұнай өндіруді мониторингілеу басқармасын басқарды. 2009-2010 жылдары аталған министрліктің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары болды. 2010-2014 жылдары Мұнай және газ министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры, 2014-2015 жылдары «BNG Ltd» ЖШС бас директорының орынбасары, 2015 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ-да техникалық саясат департаментінің директоры және газ тасымалдау жүйесін басқару жөніндегі басқарушы директор қызметтерін атқарды. 2015-2016 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ-ның техникалық саясат жөніндегі басқарушы директоры, 2016-2018 жылдары өндірістік-техникалық департаментті басқарды. 2018-2020 жылдары техникалық саясат жөніндегі бас директордың орынбасары, 2020-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болды. 2021-2023 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, 2023 жылғы ақпаннан 2025 жылғы сәуірге дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да газ жобаларын дамыту жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы шілдеден бастап атқарып келеді.

Индира РЫСТИНА, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі

Фото: t.me/referendum_2026

1987 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша тәмамдады. 2014 жылы саясаттану бойынша PhD дәрежесін, 2020 жылы қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алды.

Еңбек жолы: 2011-2018 жылдары Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасында оқытушы, аға оқытушы және доцент қызметтерін атқарды. 2018-2020 жылдары «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі болды. 2020-2021 жылдары ректор кеңесшісі әрі Саясаттану кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2021 жылғы наурыздан 2022 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімін басқарды. 2022-2023 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болды. 2023-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы қарашадан бастап атқарып келеді.