14 күннен кейін Бесқарағай ауданындағы орман өрті сөндірілді

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының Бесқарағай ауданында 14 шілде күні тұтанған орман өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

««Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты өкілдерінің ақпараты бойынша 26 шілде күні сағат 18:00-де Бесқарағай ауданындағы орман өрті 385 гектар алқапта толығымен сөндірілді», - делінген ТЖМ мәліметінде.

Жалынмен күресті күн райының қолайсыздығы қиындатқан: жоғары ауа температурасы, екпінді жел, сондай-ақ дақылдардың тығыз өсуі, тұзды және батпақты жерлер болған.

Дегенмен, орманшылар мен өрт сөндірушілер ыстық ауа райына қарамастан жанқиярлық ерлікке барып, үйлесімді шұғыл әрекет етті. Соның арқасында тілсіз жау толығымен ауыздықталды.

Абай облысының құтқарушылары азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады.

Еске салайық, Бегенев орманшылығында құрғақ шөптің өртеніп жатқаны және орман қорына қауіп бар екені туралы хабарлама 15 шілдеде түскен болатын. «Семей Орманы» резерватының және Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына дереу аттанған.

14 шілдеде тұтанған өртке қатысты Бесқарағай ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратовтың шешімі Ашық НҚА порталында жарияланды.