ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1941) белгілі актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Голливудта киноға түскен алғашқы қазақстандық актер Нұржұман Байжұманұлы ЫҚТЫМБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Кербұлақ ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Панфилов педагогикалық училищесін және «Қазақфильм» студиясы жанындағы актерлік студияны бітірген, Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған.
Кинодағы мансабы кездейсоқ басталған. Болашақ киноактердің ауылына келген «Мазасыз таң» фильмінің түсіру тобы оны фильмге түсіруге шақырады. 1968 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері.
Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады, мысалы, «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» тұйық, қатаң мінезді, «Сталинге сыйлықтағы» жұмсақ мінезді, бірақ бірбеткей, ал «Барлаушыдағы» қарапайым, шығысқа тән даналық көрінетін кейіпкерлер, тағы басқалар.
Актердің соңғы жұмыстарынан француз актері Ж.Депардьемен бірге түскен «Кеш оянған махаббат» фильмін атауға болады.
Актер анимациялық ленталарды дыбыстауға да қатысады («Қадырдың бақыты», 2000).
2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі ролі үшін «Адал жүрек» кинофестивалінде бас жүлдені, 2009 жылы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің ең үздік актері, 2009 жылы Чебоксарыдағы МКФ — «Сталинге сыйлық», «ең үздік ер адам ролі үшін» сыйлығын, Қасым ролі үшін Бүкіламерикалық өнерді қолдау қауымдастығының арнайы жүлдесіне («Сталинге сыйлық») ие болған.
68 жыл бұрын (1958) «Банк ЦентрКредит» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Рымбекұлы БАЙСЕЙІТОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1979 жылы Мәскеу қаржы институтын, 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, 1986 жылы Алматы халық шаруашылығы институтында «Ақша айналымы мен несие» кафедрасының аспирантурасын, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтын бітірген.
Еңбек жолы: 1979-1980 жылдары КСРО Мемлекеттік банкінің Алматы облыстық конторасының экономисі, 1981-1987 жылдары КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ республикалық конторасының аға экономисі, Бөлім бастығы, Басқарма бастығының орынбасары, 1988 жылы КСРО Тұрғын үй әлеуметтік банкінің Қазақ республикалық конторасының Басқарма бастығы, Басқарма мүшесі, 1988-1991 жылдары «Центрбанк» Алматы орталық кооперативтік банкінің Басқарма Төрағасы, 1991-1997 жылдары «Центрбанк» Қазақ орталық акционерлік банкінің Басқарма Төрағасы, Директорлар кеңесінің Төрағасы, 1993-2004 жылдары «Қазақстан интернационалдық банкі» ЖАҚ Қадағалау кеңесінің Төрағасы лауазымын атқарған. 1993 жылдан бастап – «Центрбанк» Қазақ орталық акционерлік банкі Бақылау кеңесінің төрағасы (1997 жылдан бастап – «БанкЦентрКредит» АҚ) қызметінде. 1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Банк ЦентрКредит» АҚ Бақылау комитетінің Төрағасы, ҚР банктері қауымдастығының Директорлар кеңесінің Төрағасы, «Банк ЦКБ-Мәскеу» ЖШҚ Президенті, Директорлар кеңесінің Төрағасы.
64 жыл бұрын (1962) композитор, әнші, дирижер, музыкалық продюсер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ дүниеге келген.
Қызылорда облысында туған.
Еңбек жолы: 1984-1987 жылдары «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің оркестр әртісі, 1989-1994 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония оркестрінің әртісі, 1994-1997 жылдары «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің бас дирижері, 1998-2004 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі және ұйымдастырушысы, 2005 жылы «Отан» Республикалық саяси партиясының Орталық аппаратында «Идеология» бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. 2006-2013 жылдары «Қазақ әуендері» АҚ филиалы «Гүлдер» ансамблінің директоры, 2013 жылы «Қазақ әуендері» АҚ Алматы қаласындағы Аймақтық директоры, 2013-2014 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында шығармашылық жұмыстар және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, 2014 жылы «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі» РМҚК директоры, 2016-2018 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры лауазымын атқарған. 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры болып еңбек етуде.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), «Құрмет» орденінің иегері (2015). «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» (2007), «Алматы облысы Қаратал ауданының құрметті азаматы» (2015).
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Астана 20 жыл» (2018) мерекелік медальдарымен марапатталған.
46 жыл бұрын (1980) Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Тұралыұлы ӘБДІРАХМАНОВ дүниеге келді.
2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2009 жылы Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын, 2011 жылы Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын, 2016 жылы Д.Қонаев атындағы Көлік және құқық гуманитарлық университетін, 2018 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясын МВА бағдарламасы бойынша бітірді.
Еңбек жолы: 2002-2010 жылдары Алматы қаласы Ішкі істер бөліністерінде тергеушіден басқарма бастығына дейін қызмет өткерді. 2010-2011 жылдары ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының магистранты (бірінші факультеті), ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық оқу орталығының бастығы, 2011-2013 жылдары Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының мүліктік қылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы, 2013-2014 жылдары ҚР ІІМ Тергеу комитеті әскери-тергеу басқармасы бастығының орынбасары, 2014-2024 жылдары Алматы қаласы және Алматы облысында басқарма бастығынан департамент бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдарда қызмет атқарған. 2024-2025 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін атқаруға 2025 жылғы қыркүйек айында кірісті.
«ҚР ІІМ еңбегі сіңген қызметкері», «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі», «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгілерімен. І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Тергеу қызметіне 60 жыл» медальдарымен марапатталған.
41 жыл бұрын (1985) Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Назарали Гаджимагомедович СЕЛИМОВ дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған, балалық және жастық шағы Маңғыстау облысында өтті.
2007 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша аяқтаған.
Азаматтық қорғау жүйесінде басшылық қызметте үлкен тәжірибесі бар. Елдің бірнеше өңірінде жауапты лауазымдарды атқарған. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен Астана қаласындағы ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарған. 2025 жылы Атырау облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары қызметінде болды.