14 мамыр. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 14 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырман назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

82 жыл бұрын (1941) белгілі актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Байжұманұлы ЫҚТЫМБАЕВдүниеге келді.

Алматы облысы Кербұлақ ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Панфилов педагогикалық училищесін және «Қазақфильм» студиясы жанындағы актерлік студияны бітірген, Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған.

Кинодағы мансабы кездейсоқ басталған. Болашақ киноактердің ауылына келген «Мазасыз таң» фильмінің түсіру тобы оны фильмге түсіруге шақырады. 1968 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері.

Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады, мысалы, «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» тұйық, қатаң мінезді, «Сталинге сыйлықтағы» жұмсақ мінезді, бірақ бірбеткей, ал «Барлаушыдағы» қарапайым, шығысқа тән даналық көрінетін кейіпкерлер, тағы басқалар.

Актердің соңғы жұмыстарынан француз актері Ж. Депардьемен бірге түскен «Кеш оянған махаббат» фильмін атауға болады.

Актер анимациялық ленталарды дыбыстауға да қатысады («Қадырдың бақыты», 2000).

2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі ролі үшін «Адал жүрек» кинофестивалінде бас жүлдені, 2009 жылы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің ең үздік актері, 2009 жылы Чебоксарыдағы МКФ - «Сталинге сыйлық», «ең үздік ер адам ролі үшін» сыйлығын, Қасым ролі үшін Бүкіламерикалық өнерді қолдау қауымдастығының арнайы жүлдесіне («Сталинге сыйлық») ие болған.

6 1 жыл бұрын (1962) композитор, әнші, дирижер, музыкалық продюсер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ дүниеге келген.

Қызылорда облысында туған.

Еңбек жолы: 1984-1987 жылдары - «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің оркестр әртісі; 1989-1994 жылдары - Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония оркестрінің әртісі; 1994-1997 жылдары - «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің бас дирижері; 1998-2004 жылдары - Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі және ұйымдастырушысы; 2005 жылы - «Отан» Республикалық саяси партиясының Орталық аппаратында «Идеология» бөлімі меңгерушісінің орынбасары; 2006-2013 жылдары - «Қазақ әуендері» АҚ филиалы «Гүлдер» ансамблінің директоры; 2013 жылы - «Қазақ әуендері» АҚ Алматы қаласындағы Аймақтық директоры; 2013-2014 жылдары - Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында шығармашылық жұмыстар және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры; 2014 жылы - «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі» РМҚК директоры; 2016-2018 жылдары - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры. 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры болып еңбек етуде.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), «Құрмет» орденінің иегері (2015). «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» (2007), «Алматы облысы Қаратал ауданының құрметті азаматы» (2015).

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Астана 20 жыл» (2018) мерекелік медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1971) Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Мақсұтұлы ШҮЛЕНОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін ұлттық мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген (2000); М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, экономика.

Еңбек жолы: Қамысты ауданы, «Ұрқаш» кеңшарында комбайншы (1988-1989); Қамысты ауданы «Уркашский» совхозының №2 бөлімінің құрылысшысы (1991-1992); Таранов ауданы Евгенов орта мектебінің мұғалімі (1993-1994); Таранов ауданы О.Досжанов совхозының жасақшысы (1994-1996); «TSL-TV» ЖШС телебағдарламаларының редакторы (1994-1996); Қостанай облысы Ішкі істер басқармасының ақпарат және қоғаммен байланыс тобының инспекторы (1998-2000); Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінің бас маманы, бас инспектор-баспасөз хатшысы, бас инспектор-көмекшісі (2000-2006); Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы (2006-2007); «Агромашхолдинг» АҚ Президентінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі (2007-2008); «Тобыл» ӘКК» АҚ жарнаманы ілгерілету департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы, жарнаманы ілгерілету жөніндегі қоғаммен байланыс департаментінің директоры, «Тобыл» ӘКК» АҚ ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бастығы (2008-2015); Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы (2016-2017); Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі (2017-2018); «Білімді Ел» республикалық оқу-әдістемелік қоғамдық-саяси газетінің даму жөніндегі директоры (2018-2022); Қостанай қаласы әкімінің кеңесшісі (2022-2023).

2023 жылдың қаңтар айынан бері қазіргі қызметінде.

5 1 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Александрович КРЮКОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Алматы қаласындағы Олимпиада резервінің № 2 училищесін (1990); Қазақ денешынықтыру институтын денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша(1994); РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы корпоративтік басқармасының Жоғары мектебін (2011), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, маркетинг (2011) бітірді.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасының жүзу федерациясы (1996-2001); ҚР Жүзу федерациясының спорттық директоры (2001-2005); ҚР судағы спорт түрлері федерациясының Бас директоры (2005-2008); Азияның жүзу федерациясының (AASF) вице-президенті (2006 жылдан бастап); ҚР Судағы спорт түрлері федерациясының Бас хатшысы (2008); Азия Олимпиада комитетінің Қысқы Азия ойындарының Бас үйлестірушісі (2011 жылдан бастап); ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі вице-президенті (2015, 2020 жылы қайта сайланды); ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі (2015-2016); ҚР Судағы спорт түрлері федерациясының президенті (2019 жылдан бері).

Қазіргі қызметін 2020 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен (2014); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2012), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарімен марапатталды. КСРО спорт шебері (1989), Қазақстан Республикасының су добы бойынша Халықаралық кластағы спорт шебері (1994), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы (2010); Қазақстанның су добы бойынша талай дүркін чемпионат жүлдегері мен Кубок иегері. Азия ойындарының жеңімпазы (Хиросима, Япония, 1994).