14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатыр — Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА.KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Freepik

– Бұл маңызды мәселе әрдайым назарда болады. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. Бүгін Газиантеп провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар үшін Қазақстанның атынан салынған жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл – қазақ халқының түрік еліне көрсеткен қолдауы мен ыстық ықыласының айқын көрінісі. Сапар аясында тиісті министрліктер Астана мен Алматыда «Маариф» қорының екі мектебін ашу туралы меморандумға қол қойғанын айрықша атап өткен жөн. Осы мектептер саналы ұрпақ тәрбиелейтін іргелі білім ордасы ретінде қызмет етеді деп сенемін. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Көп созбай құрылысты бастаймыз. Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық та табысты дамып келеді. Қазір 14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатыр. Сондай-ақ 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істей бастайды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда филиал ашуды жоспарлап отыр. Біз бұл игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, медицина, туризм саласындағы байланысымызды нығайта береміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасында өзара құрмет пен сыйластыққа, бауырластық пен достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанына назар аударды.

– Бұл – Президент Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасы екені сөзсіз. Режеп бей екі елдің бірлігін бекемдеуге айрықша үлес қосуда. Сондай-ақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік ықпалдастығын күшейтуге мол еңбек сіңіріп келеді. Сондықтан мен қадірлі досым, бауырым Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің рухани көсемі – Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттадым. Мұны барша қазақ елінің түрік жұртына және Түркия Президентіне деген зор құрметінің көрінісі деуге болады. Ердоған мырза осы беделді награданың тұңғыш иегері екенін ерекше атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетелік Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді