14 наурыз. Тұлғалар туған күн

Фото: ҚазАқпарат

Бүгін, 14 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

57 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Марғұлан Жұбанышұлы БЕКТҰРҒАНОВ дүниеге келді.

Фото: sud.gov.kz

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1986-1989 жылдары Алматыдағы ҚазҒЗИ-дың сот-сараптамасының зертханашысы. 1989-1995 жылдары Алматы қаласы Ленин аудандық сотының хат тасушысы, сот орындаушысы. 1996 жылы Алматы қаласы және Ақтөбе облысы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы болды. 1996-1998 жылдары Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық сотының төрағасы, 1998-2000 жылдары Ақмола облысы Қорғалжын аудандық сотының төрағасы, 2000-2001 жылдары ҚР Инвестициялар жөніндегі агенттігі инвесторлардың өтініштерімен жұмысты құқықтық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, директоры, 2001-2002 жылдары ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің басқарма бастығы, 2002-2005 жылдары Қарағанды облысы және Астана қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, 2005-2007 жылдары Маңғыстау облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2007-2011 жылдары Маңғыстау облыстық соттың азаматтық істер жөніңдегі сот алқасының төрағасы, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, 2011-2015 жылдары Жамбыл облыстық сотының төрағасы, 2015-2020 жылдары Атырау облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.

2020 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жұмабекұлы АСЫЛОВ дүниеге келді.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және АҚШ-тың Вашингтон Дюк университетінің Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебін бітірген.

Еңбек жолы: 1995-2002 жылдары бизнес-құрылымдардағы басшылық лауазымдар, 2002-2006 жылдары мемлекеттік органдардағы қызмет, 2006-2010 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар секторының меңгерушісі, 2010-2011 жылдары ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің тыңдаушысы, 2011-2013 жылдары ҚР Есеп комитетінің қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығының директоры, 2013-2014 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар ісі комитетінің төрағасы, 2014-2017 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және тіл саясаты комитетінің төрағасы, 2017-2018 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық-саяси секторының меңгерушісі, 2018-2019 жылдары ҚР Президенті кеңесшісінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің талдау орталығының меңгерушісі, 2019-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2023-2025 жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды.

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түлектер қауымдастығының президенті. Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясы Атқарушы комитетінің мүшесі, Бокстан спорт шеберіне кандидат. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «ҚР ҰҚК 25 жыл» ведомстволық медалімен, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.

43 жыл бұрын (1983) Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, боксшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері Бақтияр Ғарифоллаұлы АРТАЕВ дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Тараз қаласында туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану», «Менеджмент», Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт», ҚазТұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. «Құқықтану», «Дене шынықтыру және спорт» магистрі.

Бокспен 10 жасынан айналысқан. Жаттықтырушысы – Н.Ақүрпеков. 1998 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алған. 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарының ширек финалында екі дүркін Олимпиада чемпионы ресейлік Олег Саитовты жеңді. Ал финалда Артаев Кубаның екі дүркін әлем чемпионы Лоренцо Арагоннан басым болып, «алтыннан» алқа тақты. 2005 жылы Қытайда өткен ересектер арасындағы Дүниежүзі чемпионатының қола жүлдегері, 2006 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері болды.

Еңбек жолы: 2004 жылы «Тараз газ шаруашылығы басқармасы» ЖШС менеджері, 2009-2013 жылдары Жамбыл облысы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2013-2021 жылдары «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубы» корпоротивтік қорынының президенті, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры, «Астана Арланс» ЖШС бас менеджері, 2021-2022 жылдары «Қазақстан Бокс Федерациясы» қауымдастығының ұлттық командалар үйлестірушісі, вице-президенті, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы қызметтерін атқарды.

Елімізде спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен наградталған.

41 жыл бұрын (1985) Абай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы ЖҰМАДІЛОВ дүниеге келді.

Фото: instagram semey24

Семейде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Саясаттану мамандығының бакалавр және магистрі.

Еңбек жолы: 2008-2015 жылдары «Қазақ радиосының» редактор-жүргізушісі, «Алаш айнасы» газетінің саяси шолушысы, «Ұлт TIMES» газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақстан» РТРК» АҚ Стратегиялық маркетинг департаментінің шеф редакторы, 2015-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы, Қоғамдық саясат институты Ақпараттық мониторинг қызметінің жетекшісі, 2016-2019 жылдары БҚО әкімінің Баспасөз хатшысы, кеңесшісі және Аппарат басшысының орынбасары, 2019-2020 жылдары «Elorda Aqparat» ЖШС директоры, 2021-2023 жылдары ҚР Президенті Баспасөз қызметінің инспекторы, 2023 жылы Абай облысы әкімінің кеңесшісі, 2023-2025 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігінде сектор меңгерушісі лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың маусым айынан бастап атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшін» (2024) медалімен марапатталған.

110 жыл бұрын (1916-1996) әнші (тенор), Қазақстанның халық әртісі Мүсілім Мүкімұлы АБДУЛЛИН дүниеге келген.

Фото: wikipedia.org

Өскемен қаласында туған. Алматы музыка техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясын бітірген.

1939-1965 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының әнші-солисі. 1965 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінің көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған. Ол «Қыз Жібек» операсында - Төлеген, «Ер Тарғында» - Балпан, «Жалбырда» - Қайрақбай, «Евгений Онегинде» - Ленский, «Абайда» - Әзім, «Біржан мен Сарада» - Серік, «Демонда» - Синодала, «Даисиде» - Малхаза, «Амангелдіде» - Зілқара, «Қамар сұлуда» - Тұяқбай, «Золотые горы» операсында Сапардың партияларын орындады. М.Абдуллиннің репертуарында қазақтың халық әндері, орыс классикалық шығармалары, қазақ композиторларының әндері, романстар, дуэттер т.б. бар.

98 жыл бұрын (1928-1982) ақын, жазушы Нұрсұлтан ӘЛІМҚҰЛОВ дүниеге келген.

Фото: adebiportal.kz

Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы республикалық, облыстық газет редакцияларында, Қазақ радиосында, баспаларда қызмет істеген. 1957 жылдан бірыңғай шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол халыққа кең тараған тамаша ән мәтіндерінің авторы, осы тақырыпта жарияланған түрлі бәйгелердің бірнеше дүркін жүлдегері болған. Ақынға «Оңтүстікте ақ мақта» әнінің сөзі үшін республикалық Жамбыл атындағы сыйлық берілген. «Барабаншы қоян», «Баспалдақтар», «Таң самалы» атты жыр жинақтары жарық көрген.

91 жыл бұрын (1935-2014) прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Қалихан ЫСҚАҚ дүниеге келген.

Фото: adebiportal.kz

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино жанындағы режиссерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген.

«Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Халық конгресі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Оның «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинағы, «Березовая роща», «Кедры высокие» жинақтары, «Тұйық», «Қара орма», «Ақсу - Жер жәннаты» романдары, «Жарық дүние» пьесалар жинағы жарық көрген. Сонымен қатар «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней - Ұлпан», «Жан қимақ», «Қылкөпір», «Мазар», «Революция сарбазы», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апатай», «Жәке-жәкетай», «Сайқының тұқымдары» атты жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрларының репертуарларына енді. Бүкілодақтық экранға шыққан «Ұшы-қиырсыз жол», «Сарша тамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты толықметражды фильмдердің сценарийлерін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

82 жыл бұрын (1944-2017) диктор, тележурналист, КСРО телерадиосының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Тыныс Шындәулетұлы ӨТЕБАЕВ дүниеге келген.

Видеодан алынған кадр

Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында туған. Ташкент электромеханика техникумын, Ташкенттегі Орыс тілі және әдебиеті институтын бітірген.

Еңбек жолын Ташкент трактор жасау зауытында техник-электрик болып бастаған. 1967 жылы Өзбек радиосында диктор болып, тұңғыш қазақ бағдарламасы «Замандасты» ашуға атсалысты. 1971 жылдан «Қазақстан» телерадио комитетінің дикторы, бас редакторы, директоры, комитет төрағасының 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды.