14 тамыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 14 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «АМANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы ҚОШАНОВ дүниеге келді.

Фото: parlam.kz

Қарағанды облысының Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында туған. Қарағанды политехникалық институтының кен-механика факультетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының экономика факультетін бітірген. 1985 жылдан «Жезқазғантүстімет» ӨБ байыту фабрикасының слесары, шебері. 1987 жылдан комсомол органдарында жұмыс жасады. 1989 жылдан - Жезқазған облысы бойынша Сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағаның орынбасары, төрағасы. 1995 жылдан ҚР Парламенті Сенатының депутаты. 1999 жылдан ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі. 2008 жылдан ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі. 2007 жылдан ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары - ҚР Үкіметінің ҚР Парламентіндегі өкілі. 2012-2017 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы. Қарағанды облысының әкімі (2017-2019); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы (2019-2022).

2023 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

«Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

59 жыл бұрын (1965) Жетісу облысы мәслихатының депутаты Қуат Маратұлы БАЙМЫРЗАЕВ дүниеге келді.

Фото: zhetysu.edu.kz

Алматы облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, географ (1989).

Еңбек жолы: С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті комсомол ұйымы хатшысының идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары (1989-1991); С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ректорының көмекшісі (1991-1997); Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттермен жұмыс жөніндегі проректоры (1997-1998); Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жалпы және өндірістік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры (1998-2001); Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті география факультетінің деканы (2001-2004); Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (2004-2016).

2016 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен марапатталған (2007); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Халық Ассамблеясы 20 жыл» (2015) мерекелік медальдары; «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері (2007), «Ы. Алтынсарин» (2008), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық қорғауға қосқан үлесі үшін» (2014) ордендерімен марапатталған.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Юрьевич ВАСИЛЕНКО дүниеге келді.

Фото: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

Шымкент қаласында туған. 1994 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Экономика, қаржы және құқық әскери академиясын бітірген. 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының Халықаралық бөлімінің жетекші маманы, референт. 1996-1999 жылдары ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы. 1999-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының көмекшісі. 2000-2007 жылдары ҚР Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығының бас инспекторы; Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің кеңесшісі; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2009-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы. 2012-2013 жылдары «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-сараптамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары. 2013-2014 жылдары ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2014 - 2016 жылдары ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары (2016-2019); Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі (2019-2022).

2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі аппаратының басшысы Арман Аманжолұлы ХАСЕНОВ дүниеге келді.

Фото: Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Қарағанды ​​облысы Шахтинск қаласында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің экономика (1999), заң (2003) факультеттерін бітірген.

Еңбек жолы: Астана қаласының салық органдарында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген (1999-2003); Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеген (2001-2002); Павлодар облысының прокуратурасында жұмыс істеген (2003-2009); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде басшылық қызметтерді атқарған (2009-2012); Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Тергеу департаментінің 1-басқармасының бастығы (2012-2014); Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген (2014-2021); Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының (штабының) басшысы (2021-2022 жж.).

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.