АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ариана Гогулина Үндістанның Гургаон қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors World Tennis Tour сериясында өткен жарыстың абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Муккам Ерматов баптайтын 14 жасар қазақстандық спортшы Үндістанда теңдессіз өнер көрсетті.
Астанадағы ұлттық теннис орталығының түлегі жекелей сында финалда үндістандық спортшыны ұтты. Бірінші партия 6:2 есебімен аяқталса, екіншісінде қарсыласы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Гогулина финалға дейін 7 ойында жергілікті теннисшілерді, соның ішінде доданың бірінші ракеткасын тізе бүктірді.
Жұптық сында соңғы бәсекеде тек қазақстандық теннисшілер бас жүлдені сарапқа салды.
Ариана Альбина Кәкеновамен бірге Сәтима Төреген - Анастасия Крымковадан айласын асырды – 6:1, 6:2.
Осылайша, Ариана ITF Juniors жарысында алғашқы қос табысына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Астанадағы жарыстың финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).