АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Еуропа теннис қауымдастығының (Tennis Europe Tour) «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» аталымымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, 14 жасар Заңғар жылды Еуропадағы үздік 10 теннисшінің қатарында аяқтады.
Биыл Заңғар Нұрланұлы жекелей және жұптық сында екі реттен жарыс жеңімпазы атанды. Оған қоса Франциядағы беделді турнирдің финалына дейін жетті.
«Аталған марапатты алғаныма өте қуаныштымын. Жыл бойы жақсы өнер көрсетуге тырысып, әр додаға бар күшімді салдым. Өз бапкерлерім мен үлкен қолдау жасаған Қазақстан теннис федерациясына алғысымды айтқым келеді. Алдағы жылы маған жасөспірімдер арасындағы ITF турнирлерінде ойнауға тура келеді. Онда да намысты қолдан бермеймін», - деді Заңғар Нұрланұлы.
Өткен жылы осы аталым бойынша тағы бір қазақстандық Зара Дәркен үздік шыққан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Алтын адам» сыйлығының лауреаты атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).