14 желтоқсан - «Мемлекеттік тіл күні» Қазақстанның барлық өңірлерінде «Ашық есік күндері» өткізіледі
Соның шеңберінде Астанада «Зерде» тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталығы мен «Руханият» оқыту орталықтарының «ашық есік күні» өтеді. Шара өтетін орын - Сарыарқа, 15 «Іскер» бизнес орталығы.
Іс-шараны өткізудің мақсаты: ҚР Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу. Оқыту орталықтарының мемлекеттік тілді дамыту және оқыту саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстыру.
Астана қаласының тұрғындарына, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің қызметкерлеріне мемлекеттік тілді инновациялық әдістер, мультимедиялық бағдарламалар мен әлеуметтік зерттеулер көрсетілімі және Тілдерді дамыту басқармасының сайтымен таныстырылым болады. Ақпараттық көрмелер ұйымдастырылып, слайд - шоулар әзірленеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді оқытудың өңірлік орталықтарында Ашық есік күндері өткізіледі.
Алматы қаласында қала тұрғындары мен қонақтарына, тіл жанашырлары мен ардагерлеріне салалық - терминологиялық сөздіктер, көрнекі құралдар кешені, анимациялық фильмдермен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылса, Алматы облысында «Біз қазақша сөйлейміз» атты пікіралмасу, «Тіл - халықтың рухы» атты семинар-тренинг, «Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» атты конференция өткізіледі, ал Шығыс Қазақстан облысы «Қәнеки, тілім, сөйлеші!» атты интеллектуалдық сайыс, Жамбыл облысы дөңгелек үстел, Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік тіл мерекесіне арналған слайд - шоулар әзірлейді.
Қарағанды облысы «Тәуелсіздік тірегі - мемлекеттік тіл» атты облыстық ғылыми әдістемелік конференция, «Тіл тағдыры - ел тағдыры» деп аталатын ашық сабақ, «Ел тәуелсіздігі - тіл тәуелсіздігі» атты дөңгелек үстел, «Ұлытау кітапханасы» сериясы бойынша шығарылған алғашқы кітаптың тұсаукесері, «Жедел жәрдем» атты медицина қызметкерлерімен қазақ тілінен ашық сабақ, Қызылорда облысы «Тәуелсіздік тұғыры ана тілімен қастерлі» атты ашық есік күні мен «Тіл - ұлттың рухани негізі» атты кітап көрмесін, Маңғыстау облысы «Мемлекеттік тілдің елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы орны» пікірталас, «Мемлекеттік тіл мәртебесі - тәуелсіздік кепілі» атты республикалық ғылыми практикалық конференция, «Тіл -тәуелсіз елдің айнасы» атты ғылыми-теориялық дөңгелек үстел ұйымдастырса, оңтүстік өңірдің Шымкент, Кентау, Түркістан қалаларында «Республикамды жырлаймын» тақырыбына поэтикалық шығармалар конкурсы, «Мемлекеттік тіл - рухани байлық» тақырыбында дөңгелек үстел, «Мемлекеттік тіл - мәртебең» атты жастар арасында байқау, «Тілге құрмет - елге құрмет» атты фестиваль, кітап көрмелері, Солтүстік Қазақстан облысында пікір алмасу, ашық сабақ ұйымдастырылады.
Ақмола облысында ересектерге мемлекеттік тілді үйретудегі жаңа педагогикалық технологиялар негізіндегі оқу әдістемелік құралдарының көрме-жәрмеңкесі, Атарау облысында «Мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматтарының парызы» атты көрме ұйымдастырылады.
Ақтөбе облысында «Тәуелсіздіктің 20 шыңы - 20 жұлдызды күні» атты мекемелер арасындағы тіл үйренушілерге арнайы ашық есік, Қостанай облысында «Ұлт ұрпағымен рухтанады, халық тілімен бірігеді» атты дөңгелек үстел, Павлодар облысында көрме ұйымдастырылады.
Аталған шараларға сол өңірлердің қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, студенттер, жергілікті жердің бұқаралық ақпарат өкілдері мен тұрғындары қатысады.