14 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 14 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

70 жыл бұрын (1953) тарих ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Жәкен Қожахметұлы ТАЙМАҒАНБЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих, филология және философия институтының (Новосібір) аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1979-1999 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші және аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары. 1999-2008 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен оған іргелес аймақтардағы палеолит мәселелеріне арналған. 250-ге жуық ғылыми еңбектің, соның ішінде 22 монографияның, жоғары оқу мен мектеп оқулықтарының авторы. Ғылыми ізденістеріне Еуразияның ежелгі мәдениет тарихы, Қазақстан аумағында адамның алғашқы қоныстануы, оның материалдық мәдениеті, ежелгі этникалық байланыстар мен миграция мәселелері кіреді.

Ғалым әлемге әйгілі болған Қазақстан аумағындағы ежелгі ескерткіштерді (Қызылтау, Саяқ, Шоқтас, Қошқорған, Ембі, Өзен, т.б.) алғашқы ашушылардың бірі. 1992 жылдан бастап біріккен Казақстан-Ресей кешенді археологиялық экспедициясын басқаруға тікелей ат салысты. Нақты археологиялық мәліметтер негізінде Қазақстан аумағын адам баласы бұдан 1 миллион жыл бұрын мекендегенін дәлелдеді.

65 жыл бұрын (1958) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандық дерматовенерологтер, дерматокосметологтер қауымдастығының президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнар Рыскелдіқызы БӘТПЕНОВА дүниеге келген.

1982 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген.

1990 жылы Орталық мемлекеттік медицина институтының тері-венерологиялық аурулары кафедрасының ассистенті қызметіне ауыстырылды, 1993 жылы тері-венерологиялық аурулар кафедрасының аға оқытушысы, 1994 жылы тері-венерология және дерматокосметология кафедрасын, 2016-2021 жылдары АМУ ҰАО жанындағы PhD докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңесті басқарды.

350-ден астам жарияланған жұмыстың авторы, оның ішінде Scopus және Thomson Reuters негізіндегі халықаралық рецензияланған журналдарда монографиялар, 2 рационализаторлық ұсыныс, 12 оқу-әдістемелік оқулықтың авторы.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

53 жыл бұрын (1970) балуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның он бір дүркін чемпионы Мәулен Сатымбайұлы МАМЫРОВ дүниеге келді.

Алматы облысы Қаратал ауданында туған. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.

1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі болды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Аустрия, 1988) қола, КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогының (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогы жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, 26-Олимпиада ойындарының (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ,1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. 1991-2003 жылдары – Талдықорған қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы-жаттықтырушысы. 1997-2004 жылдары – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Штаттық Ұлттық командалар дирекциясының спортшы-нұсқаушысы. 1996-2004 жылдары – еркін күрестен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының капитаны. 2005-2007 жылдары Алматы облысы еркін және грек-рим күресі федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған.

І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

52 жыл бұрын (1971) Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жасұлан ТоққожаұлыЕСТЕНОВ дүниеге келді.

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзын-Ағаш ауылында туған.

Қазақ ауыл шаруашылығы институтын экономика және агроөнеркәсіп кешенін басқару мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2001 жылдары Алматы қаласы Медеу және Алмалы аудандары бойынша Салық кодексінің салық инспекторы, 2001-2006 жылдары Алматы қаласы Алмалы аудандық қаржы басқармасының бастығы, 2006-2010 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2012 жылдары Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2016-2019 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі, 2019-2021 жылдары «Er-I Invest» ЖШС директорының кеңесшісі, 2021-2022 жылдары Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы болды.

2022 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1975) Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Әділқызы КӨЛБАЕВА дүниеге келді.

1996 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы «Даул» фирмасының заңгері, 1997-1998 жылдары Оңтүстік Қазақстан Облысы бас ІІБ қызмет көрсетуші персоналының және ХОЗО күзетінің полицейі, 1998 жылы ОҚО Әділет басқармасы №3 мемлекеттік нотариат кеңсесінің мемлекеттік нотариусының көмекшісі, 1998-2001 жылдары ОҚО Әділет басқармасы соттардың жұмысын ұйымдастыру бөлімінің жетекші маман-консультанты, жетекші маманы, 2001-2003 жылдары ОҚО сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің ОҚО Соттар әкімшісінің бас маманы, 2003-2004 жылдары ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің Астана қаласы Соттар әкімшісінің бас маманы, соттар қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы, 2004-2010 жылдары Қостанай облысы Лисаков қалалық сотының судьясы, 2010-2014 жылдары Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, 2014-2018 жылдары Астана қаласы №2 Алматы ауданы аудандық соты судьясы болды. 2020-2022 жылдары – Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі.

Қазіргі қызметін 2018 жылдан бастап атқарып келеді.