14 жыл бұрын аман қалған тастанды қызды көкшетаулық дәрігерлер күтіп-баққан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы 14 жыл бұрын перзентханада сәбиінің өлі туғанын хабарлады деген ананың мәлімдемесін теріске шығарды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Еске сала кетсек, көкшетаулық әйел 14 жыл бұрын перзентханада қызыныңтірі қалғанын білмедім деп мәлімдеген еді.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы 1983 жылы туған әйелдің босанғанын растайтын құжатты көрсетті. Ол 2003 жылдың 9 қазанында Көкшетау қаласының перинаталдық орталығына жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.

Құжатта мәліметтердің әйелдің айтуымен жазылғандығы, себебі оның жеке басты куәландыратын құжаты болмағандығы айтылады.

Әйел ауруханаға жеткізілген соң, бес минут өткенде салмағы 930 грамм болатын 26-27 апталық нәресте өздігінен түсіп қалған. Босану залында акушер-гинеколог, неонатолог-дәрігер кезекшілікте болған. Барлық дәрігерлер әлі күнге дейін облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істеп келеді.

Босанудан кейін қарқынды терапия жүргізу үшін шақалақ жансақтау бөліміне ауыстырылған және 7 қарашаға дейін сонда жатқан. Әрі қарай күтім көрсету үшін кішкентай қыз жаңа туған сәбилердің патологиясы бөліміне ауыстырылып, онда 2004 жылдың 16 ақпанына дейін жатқан.

Ауруханада жатқанда сәбидің жағдайы ешкімді қызықтырған жоқ. Анасы болса 2003 жылдың 11 қазанында перзентханадан шығып кеткен. 13 қазан күні босанған әйел қайта тексеруден өтті. Жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.

2003 жылдың 7 қарашасында сәбидің туғанына 29 күн толғанда, еш қамқоршысы жоқ екендігі ескеріліп, тастанды қыз ретінде акт құрылды. 2004 жылдың 16 ақпанында 4570,0 грамм салмағы бар, жағдайы тұрақты сәби туғанына 125 күн толған соң, Щучьедегі бөбектер үйіне ауыстырылды.

«Нәрестенің өлімін қатысты факті ешқандай медициналық құжатпен расталмаған, себебі босану процесі ауруханада медициналық қызметкерлердің қатысуымен өтті, жаңа туған сәби шыңғырып жылады, босану тарихында сәбидің өлімі туралы белгі жоқ. Жансақтау бөліміне ауыстырылғанда да медициналық қызметкерлер сәби өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Одан бөлек, медициналық құжаттардың сараптамасы әйелдің жүктілік бойынша еш тіркеуге тұрмағанын, тексерілмегенін, студент болғанын және жедел жәрдем көлігін кеш шақырғанын анықтады. Жоғарыда аталған деректердің барлығы әйелдің жүктілікке жете мән бермегенін белгілі бір деңгейде айғақтайды», - деп пікір білдірді Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Қисықова.

Өз кезегінде, Ақмола облыстық білім беру басқармасы балалар үйінде жүрген қыздың анасын іздеу бойынша барлық шаралар қолданылғанын хабарлады. Алайда, әйел өз тегін ауыстырып жібергендіктен, іздеу жұмыстары қиындай түскен және атышулы ана 2017 жылдың ақпан айында табылған.

«Қамқоршы органның 2017 жылдың 29 маусымындағы тұжырымдамасымен тастанды қыз өз анасы Толқын Бейсеноваға табысталды. Қазіргі уақытта бала толық отбасында тәрбиеленіп жатыр», - деп хабарлады Ақмола облыстық білім беру басқармасының басшысы міндетін атқарушы Валерий Гамазов.