15 ақпан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 15 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Ауғанстаннан Совет әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні

1989 жылы Совет әскерлері (40-шы әскер және оған іссапарға жіберілген бөлімшелер) Ауғанстан аумағынан шығарылды. Совет Одағының 500 мыңнан астам азаматы Ауғанстан Демократиялық Республикасында әскери қызметін өтеді, оның ішінде 22 269-ы – қазақстандық. 15 мың жауынгер сол соғыстан оралмады. Ауған соғысы жылдары Қазақстанның жалпы адам шығыны – 889 адам.

Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні

Бұл күн күнтізбеде алғаш рет 2001 жылы Бүкіләлемдік қатерлі ісікке шалдыққан балалар ата-аналары конфедерациясының бастамасымен пайда болды. Алғаш рет 15 қаңтар күні Люксембургте атап өтілді, алайда кейінірек бір айға кейінге жылжыту туралы шешім қабылданды. Қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні Халықаралық балалар онкологтері қауымдастығының бастамасымен әлемнің 40-тан астам елінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1640 жылы Гурьев қаласының (қазіргі Атырау) негізі қаланды. Осы жылы патша үкіметі ағайынды Гурьевтерге қалашық салуға рұқсат берген. Қала 1662 жылы салынып бітіп, патша жарлығымен Гурьев аталған. Ал жергілікті қазақтар оны Үйшік деп атаған. Қала «Ресейдің Азия елдерімен дипломатиялық және сауда қатынастарын орнату мақсатында» құрылған.

1929 жылы 15 ақпан күні Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» («Сарыарқа самалы») газеті «Кеңес туы» деген атпен жарық көрген. Алғашқы редакторы – белгілі ғалым, түркітанушы Бейсенбай Кенжебаев. Кейін басылым атауы «Колхоз» болып өзгерді, 1938 жылдан бастап 1991 жылға дейін «Қызыл ту» деген атаумен шықты. 1991 жылдың екінші жартысынан бері «Сарыарқа самалы» деп аталады. Газет редакциясынан қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Қалижан Бекқожин, Зейін Шашкин, Мұзафар Әлімбаев, Мүбәрак Жаманбалинов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мейрам Асылғазиндер түлеп ұшты. Әр жылдары халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов (1953-56 ж.ж.), Омарғали Құдышев секілді (1956-1962 ж.ж.) майталман қаламгерлер басқарды. Газет ұжымының еңбегі әр дәуірде бағаланып отырды. 1979 жылы 15 наурызда «Құрмет Белгісі» орденімен наградталды. 2014 жылы Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық сыйлығы – «Алтын Жұлдыз» дипломымен марапатталды. 2022 жылы «URKER» ұлттық журналистика сыйлығының «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын жеңіп алды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Ватикан дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы құжат алмасты.

2010 жылы РФ Қазақстандағы Елшісі Ауғанстандағы соғыста көрсеткен ерліктері үшін наградаға ұсынылған, бірақ түрлі себептермен оны өз уақытында ала алмаған интернационалист-жауынгерлерге ССРО-ның жауынгерлік наградаларын табыс етті. ССРО-ның мемлекеттік марапаттары – «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерліктері үшін» медальдарымен Берік Сабыров, Тұмарбек Мұрынбаев, Ерғазы Тұрақбаев, Сергей Шиляев, Амангелді Ликеров, Темірбек Қойлыбаев пен Анатолий Юрин марапатталды.

2010 жылы аспан денелерінің каталогіне Суқұйғыш шоқжұлдызындағы жұлдызға қазақстандық танымал ғалым Михаил Паниннің есімін беру туралы жазба енгізілді. Михаил Панин – төрт үлкен ғылыми монографияның, экология бойынша көптеген оқулықтар мен бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Республикалық және шетелдік баспаларда оның 1 200-ден астам ғылыми жұмысы жарияланды. Ол ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға ие болды.

2011 жылы Монте-Карлода өткен 35-халықаралық цирк фестивалінде қазақстандық цирк әртістері екінші орын – «Күміс клоун» жүлдесін жеңіп алды. Әлішер Әлиевтің жетекшілігіндегі 5 әртістен тұратын «Ақ құстар» труппасы «Әуедегі ұшу» нөмірін қойып, көрермен мен әділ қазылар алқасын таңқалдырған. Байқау аса тартысты болды. Бірінші орынды осымен үшінші рет Италияның цирк әртісі Флавио Тоньи жеңіп алды. Цирк фестиваліне 10 елдің – Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қытай, Италия, Германия, Франция, Канада, Бразилия мен Румыния елдерінің ең үздік деген 18 труппасы қатысқан.

2014 жылы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен Сочи Олимпиадасында қола медальға қол жеткізді.

2015 жылы Испанияның Гранада қаласында Универсиада жалауы Алматы қаласына салтанатты түрде табысталды.

2017 жылы сағат 9.28-де Үндістан ғарыш зерттеу ұйымы (ISRO) салмағы 1,7 келілік «Әл-Фараби-1» наноспутнигін ұшырды. Бұл наноспутникті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті соңғы технология үлгісімен жасаған. Шрихарикота аралында орналасқан Сатиш Дхван атындағы ғарыш орталығынан орбитаға (PSLV-C37) зымыран тасығыштың көмегімен барлығы 104 спутник ұшырылды. ISRO аталмыш құрылғыны ұшырғаннан кейін, бір уақытта ең көп жерсерікті ұшыру бойынша әлемдік рекорд орнатты.

2018 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ТМД елдері ішінен алғаш болып Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер федерациясының мүшесі атанды. Киностудияның федерация құрамына кіретіні туралы шешім басқарма мүшелерінің Бейжіңде өткен «Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің кино саласындағы бірлескен ынтымақтастығы-2018» атты 10-съезінде айтылды. Азия-Тынық мұхит аймағы киноөндірушілер федерациясын 1954 жылы Гонконгтың танымал кинематографисі, меценаты, медиамагнаты, Қытай киноөндірісінің бастауында тұрған Шау Ифу құрған.

2019 жылы Астанада көкпардың халықаралық ережесі қабылданды. Осы спорт түрі бойынша Бүкіләлемдік қауымдастыққа кіретін 10 елдің қатысушылары ойын ипподромының өлшемдері туралы келісті. Көкпар ойнайтын алаңның ұзындығы ең көп дегенде 220 метрге жетеді, ал ені 75 метр болады. Серкенің орнына муляж қолданылады, оның салмағы – 33-35 кг аралығында. Ойынның өзі 20 минуттан болатын 2 таймнан тұрады. Аралық үзіліс – 10 минут. Әр командада 12 шабандоздан болады. Ал, серкені лақтыратын тайқазандардың орнына әрқайсысының диаметрі 3 метрден 2 шеңбер салынады.

2021 жылы қазақстандық параатлеттер Дубайда өткен Гран-при жарысында 11 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама 1 алтын, 4 күміс, 6 қола олжалады.

Дубайдағы Дүниежүзілік Гран-при 2021 – пандемия басталғалы бері пара жеңіл атлетикадан өткен алғашқы әлемдік жарыс. Оған 52 елден 471 спортшы қатысты.

2022 жылы Ұлттық биотехнология орталығының ғалымы Вячеслав Огай дің жасушаларын пайдаланып күрделі сынықтарды қалпына келтірудің бірегей технологиясын жасады. Ол сынықтар мен зақымдалған тізе буындарының жазылуын тездететін гидрогель ойлап тапты. Арнайы технологияның арқасында операциядан кейін үш-алты ай ішінде сүйек пен шеміршек тіндері қалпына келеді. Клиникаға дейінгі зерттеулердің нәтижелері препараттың жоғары тиімділігін растады.

Ғалымның айтуынша, гидрогель сүйек тінінің инженериясында тірек ретінде қолданылады. Құрылымы бойынша олар дәнекер тінінің негізіне ұқсас, сондықтан олар барлық биоматериалдар арасында жасуша трансплантациясы үшін ең қолайлы.

2022 жылы Семейде сәбилерге арналған алғашқы бақылау бөлімшесі (катамнез) ашылды. Катамнез бөлімінде салмағы 2 000 грамға дейін туған, бронх-өкпе дисплазиясымен, емдік гипотермиядан кейін, операциядан кейін, босану кезінде асфиксиямен ауырған, туа біткен жарақаттары бар, туа біткен ақаулары бар балалар оңалту курсынан өтуге мүмкіндік алады. Бөлім дәрігерлері шала туған нәрестелерге көмектесіп қана қоймай, ата-аналарды балаларына одан әрі көмек көрсету үшін күтім жасау мен оңалтуға үйретеді.

2022 жылы Astana Qazaqstan Team сапында өнер көрсететін қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко бір күндік испандық жарыста жеңіске жетті. Луценко Испания жолдарында 188 шақырымды бірінші болып еңсеріп, жеңіске жетті.