15 елдің делегациясы Отан қорғаушылар алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Отан қорғаушылар алаңындағы Мәңгілік алауға 15 елдің делегациясы өкілдерінің гүл шоқтарын қою шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Бұрынғы КСРО құрамындағы барлық елдердің халқы фашистік басқыншылықтан Еуропа мен бүкіл әлемді азат етті. Сондықтан Астанада өтетін «Бірлікпен жеткен Ұлы Жеңіс: майдан ерлігі тыл беріктігі» атты халықаралық жеңімпаздар форумына қатысу үшін арнайы 15 елден келген делегация өкілдері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып отыр. Жалпы делегациялар құрамында 250 адам бар. Олар шара басталмас бұрын үш ай бұрын іріктелген еді», - деді Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінде қазақстандық-ресейлік эксперттік IQ-клубының редакторы Ольга Казанцева.

Айта кетейік, шара «Бірлікпен жеткен Ұлы Жеңіс: майдан ерлігі тыл беріктігі» атты халықаралық жеңімпаздар форумы аясында ұйымдастырылып отыр. Форумды өткізудегі мақсат - Екінші дүниежүзілік соғысыны бұрынғы Кеңес одағы халықтарын біріктірген маңызды тарихи оқиға ретінде есте сақтау, бұрынғы КСРО-ның барлық халық өкілдерінің Ұлы Жеңіске қосқан рөлі мен үлесін өзектендіре отырып көрсету. 

Жалпы форум 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Бұған дейін бұл шара Ресейдің Туапсе, Владикавказ, Волгогорад, Курск, Мәскеу және 2016 жылы Минск қаласында өткізілген болатын. Ал биыл форумды өткізетін орын ретінде Астананың таңдап алынуы Қазақстан халқының Екінші дүниежүзілік соғыс майданында шайқасып, Ұлы Жеңіске қосқан үлесімен, сонымен бірге еліміздің өз аумағында қоныс аударылған халықты, өндіріс ошақтарын, мәдени және оқу орындарын қабылдауымен ұштастырылып отыр.