15 қыркүйектен бастап бүкіл оқушылар онлайн оқиды деген ақпарат жалған

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде 15 қыркүйектен бастап балалар онлайнға көшеді деген ақпарат тарады. ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл хабарды жоққа шығарды.

Фото: Pexels

«Мессенджерде тараған 15 қыркүйектен бастап балаларды қашықтан оқытуға жібереді және мекемелерде бетперде режимі енгізіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды» делінген хабарламада. 

Жыл сайын эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуді көздейтін ҚР Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысы бекітіледі.

Қаулыға сәйкес, 15 қыркүйектен тұмауға қарсы вакцинация басталады. Бетперде режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне енгізіледі. 

Қаулымен толығырақ ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында танысуға болады.

«Барлық азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз» деп ескертеді комитеттен.