15 мамырда Астананың үстінен жойғыш ұшақ ұшып өтеді — министрлік себебін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 15 мамыр күні ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында қала үстінде жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: akorda.kz

Ведомство мәліметінше, іс-шараға дайындыққа байланысты 10 мамырдан бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталады.

— Жойғыш ұшақтардың ұшуы мен жаттығу іс-шаралары қауіпсіз биіктікте жүзеге асырылады және қала тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігіне кедергі келтірмейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезеңінде туындауы мүмкін қысқа мерзімді шу деңгейінің артуына түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі барлық ұшулар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылады және халыққа ешқандай қауіп төндірмейтінін алға тартты.

 — Түрлі түсті түтіндерді пайдалану тек демонстрациялық сипатқа ие және қоршаған ортаға зиянды әсер етпейді, — деп сендірді министрлік.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің төлем тәртібін жаңартқанын жазғанбыз.