15 мамырдан республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жазғы шектеулер қойылды -Көлік және коммуникация министрлігі

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат. «Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары бойынша жаз мезгілінің күндізгі және кешкі уақытында автокөлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2007 жылғы 7 наурыздағы №59 бұйрығы

және «Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 7 сәуірдегі №174 бұйрығы негізінде жаз мезгілінде күндізгі және кешкі уақыттарда республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдардың көтергіштік қабілетін жоғалтуына байланысты автокөлік құралдарының қозғалысына жыл сайынғы уақытша шектеулер қойылды. Бұл шектеулер дара білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының қозғалысына ауаның температурасы 25ºС-тан жоғары болған жағдайда күндізгі сағат 10.00-нан кешкі сағат 22.00-ге дейінгі уақыт аралығында жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына қойылады.

Бұл шектеулер төменде көрсетілген тасымалдаушылардың автокөлік құралдарына салынбайды:

1) халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалын жүзеге асыратын;

2) төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған;
3) тез бұзылатын тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын;

4) жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын;

5) Қазақстан Республикасының күші бар заңнамасымен бекітілген тәртіпте қауіпті, ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын;

6) қайта салу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген учаскелердегі жамылғы бойынша жол-құрылыс жұмыстарына тартылған.

Қозғалысты уақытша шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімі бекітілді:

- IV жол-климаттық аумаққа -1 маусымнан 31 тамызды қоса алғандағы уақытқа дейін;

- V жол-климаттық аумаққа -15 мамырдан 15 қыркүйекті қоса алғандағы уақытқа дейін.

ІV жол-климаттық аумаққа Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанда (Қарағанды өңірі), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді.

V жол-климаттық аумаққа Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған өңірі), Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары кіреді.