1,5 млн гектар жер мұнаймен ластанған — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына еліміздің мұнай өндіретін өңірлеріндегі экологиялық қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану талаптарының сақталуы және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдағанын хабарлады.

Фото: Reuters

Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысының жуырда өткен Өңірлік экологиялық саммитте айтқан сөзін еске салды.

— Біздің жаңа Конституциямыз қоршаған ортаны қорғауды мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде нақты айқындайды, — деді ол.

Депутаттың айтуынша, мұнай өндіретін өңірлерде болып жатқан жағдайлар экологиялық қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану және мұнай өнімдерінің айналымы салаларында мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

— Бүгінде Қазақстанда 1,5 миллион гектардан астам жер мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған. Экологиялық талаптарды бұзған мұнай өндіруші компанияларға ондаған миллиард теңгеге жуық айыппұлдар мен талаптар қойылып отыр, — деді Құспеков.

Сондай-ақ ол Атырау облысындағы бірқатар ірі экологиялық заң бұзуды мысалға келтірді. Атап айтқанда, «Oxygenator» ЖШС рұқсатсыз мұнай қалдықтарын кәдеге жаратқаны үшін 37 миллиард теңге көлемінде айыппұлға тартылған. «Каспий Нефть» АҚ-қа экологиялық заң бұзу үшін 13 миллиард теңгеден астам талап қойылған.

Депутаттық сауалда Ақтөбе облысындағы Көл-Бас кен орнына қатысты жағдайға да ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушы ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған кешенді газ дайындау қондырғысын салу жөніндегі міндеттемелерден жалтарып, әрқайсысының қуаты 2 мегаватт болатын үш газтурбиналық қондырғыны пайдаланып отыр. Ал кен орнының нақты қажеттілігі 1 мегаваттан аз.

— Бұл ретте жылына 17 гигаватт-сағатқа дейінгі артық энергия арнайы жерге тұйықтау жүйелеріне жіберілуі мүмкін. Мамандардың бағалауынша, бұл топырақтың тозуына және жер асты суларының ластануына әкелуі ықтимал, — деді депутат.

Сонымен қатар, Құспеков Каспий өңірі арқылы мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді қосымша тексеру қажеттігін мәлімдеді.

Мысал ретінде депутат Meliana танкеріне қатысты жағдайды келтірді. Тергеу барысында хабарланғандай, 2022-2023 жылдары аталған танкер арқылы 2 мың тоннадан астам шикізат шығарылған. Мемлекетке келтірілген залал 1 миллиард теңгеден асып, бюджет 300 миллион теңгеден астам салық түсімінен айырылған.

— Салдарынан мемлекет табиғи ресурстардан және аймақтардың дамуына, мектептер, ауруханалар мен жолдар салуға бағытталуы тиіс қаражаттан қағылып отыр, — деді депутат.

Депутат бірнеше уәкілетті органға жүгініп, Экология министрлігі мен Энергетика министрлігіне мұнай өндіру және ілеспе газды кәдеге жарату кезіндегі экологиялық талаптардың сақталуын тексеруді, ал Төтенше жағдайлар министрлігіне өндірістік қауіпсіздік нормаларының орындалуын бақылауды тапсырды.

Айта кетейік, депутат «Таза Қазақстан» бойынша тұрақты штаб құруды ұсынды