16:19, 24 Наурыз 2009
15 мұғалім «Еліміздің жоғары оқу орындарының ауыл мектептерін қолдауы» бағдарламасы аясында біліктіліктерін көтереді
АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және Халықаралық Бизнес академиясының президенті А. Қожахметовтың бастамасымен дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде «Еліміздің жоғары оқу орындарының ауыл мектептерін қолдауы» бағдарламасы қабылданған болатын.
Бүгін Алматыда осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының мұғалімдері Халықаралық бизнес академиясының (ХБА) басшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Венера Жексенбекованың қатысуымен болған кездесуге 15 ауылдық мұғалім келді. Олар Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясында және Республикалық мұғалімдердің біліктілігін көтеру институтында курстан өтпек.«Еліміздің жоғары оқу орындарының ауыл мектептерін қолдауы» бағдарламасының мақсаты ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту болып табылады. Қазірде елімізде 200 аудандық ауыл мектебі және 144 жоғары оқу орны бар.