15 наурыз. Жылнама

Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 15 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік тұтынушы құқығын қорғау күні

1961 жылғы 15 наурызда АҚШ Конгресінде президент Джон Кеннеди сөз сөйлеп, «тұтынушы» ұғымына анықтама беріп өтті. Сондай-ақ тұтынушылардың негізгі төрт құқығын атады: 1. Қауіпсіздік құқығы, 2. Таңдау құқығы, 3. Ақпарат алу құқығы, 4. Шағымдана алу құқығы. Кейін аталмыш төрт құқық әлемнің көптеген елдерінің заңнамасында көрініс тапты.

Халықаралық ділмәрлық (сөз сөйлеу) күні

Осындай атаулы күнді белгілеу туралы идея алғаш рет 2015 жылы Афина демократия форумында канадалық саясаткер Саймон Гибсон көтерген. Ол қазіргі замандағы және тарихтағы шешендер, мықты сөз сөйлегендер туралы база жасаумен айналысып жүрген кезі екен. Сол жұмысы барысында ол бұқара алдында сөз сөйлейтіндердің әлемді жақсы жағына өзгерте алатын күші бар екенін түсініп, ендеше бұның атап өтуге лайықты күн болуы тиіс деген шешімге келген.

Басты мақсат — өзекті тақырыпқа қатысты бұқара алдында сөз сөйлеудің әлемді өзгертуге, жекелеген адамдар тобының, тіпті тұтастай ұлттың өмірін өзгертуге болатынын халыққа көрсету.

Халықаралық полиция қатыгездігіне қарсы күрес күні

Алғаш рет 1997 жылы аталып өтті. Оған монреалдық «Полиция қаталдығына қарсы әрекет ұжымы» және «Қара жалау» швейцариялық тобы бастамашылық етті.

Халықаралық итбалық шабақтарын қорғау күні

Жыл сайын әлемнің көптеген елдері атап өтетін күн. Халықаралық жануарларды қорғау қоры IFAW-ның бастамасымен орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1922 жылы Павлодар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде «Мойылды» курорттық санаторийі ашылды. Ол Құлынды даласында, тұзды Мойылды көлінің жағалауында орналасқан.

1991 жылы Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Наурыз мейрамы ресми мереке ретінде бекітілді.

1999 жылы ҚР Президентінің «ҚР мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі агенттігі туралы» Жарлығы шықты.

2002 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен активтері 3,3 млрд долларға бағаланған ірі акционерлік қоғамдардың бірі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды.

2004 жылы «ҚТЖ» ҰК ЖАҚ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ болып қайта құрылды және саладағы бәсекелестікті дамытуға және жеке инвестицияларды тартуға бағытталған Қазақстан Республикасының темір жол көлігін қайта құрылымдау жөніндегі 2004-2006 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды.

2010 жылы Қазақстанда «Al Hilal» алғашқы ислам банкі ашылды. «Al Hilal» банкі Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері арасындағы келісім нәтижесінде құрылған. Исламдық қаржы жүйесін жүзеге асыру үшін еліміздегі Азаматтық және Салық кодекстеріне, банк қызметтерін қадағалайтын нормативтік-құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді.

2014 жылы Мажарстан президенті Янош Адер белгілі қазақ суретшісі, «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының негізін қалаушы және оның басшысы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер академиясының академигі Қырым Алтынбековты мәдени-тарихи мұраны сақтауға сіңірген зор еңбегі үшін «Рыцарлық Крест» орденімен марапаттады.

2016 жылы Бухарест қаласында (Румыния) Еуропа конференциясы аясында Қазақстанның 20 000 теңгелік банкнотасы өңірлік банкноталар халықаралық конкурсында дизайны және қорғалу деңгейі бойынша үздік деп танылды. Жаңа банкнота — Қазақстан теңгелерінің арасында және әлемдегі ең жақсы қорғалған банкнота.

2016 жылы Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанынан театр музейі ашылды. Онда театрдың негізін қалаушылардың қызметіне байланысты сирек кездесетін мұрағаттық фотоқұжаттар, өткен ғасырдың 40-шы жылдарында Абай атындағы МАОБТ-ында өнер көрсеткен белгілі әртістердің 15 театрлық костюмі ұсынылды. Эскиздер мен афишалар залында келушілер өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап театрдың атақты қойылымдарының 40-тан астам раритетті афишасын, сондай-ақ костюмдер мен декорациялардың эскиздерін көре алады.

2017 жылы қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің суреті 1909 жылдан бері шығатын танымал Boxing News журналының бірінші бетіне басылды. Журналдың сол нөмірі былғары қолғап шеберінің америкалық Дэниэль Жейкобсқа қарсы Нью-Йорктегі MSG аренасында 18 наурызда өткен кездесуіне арналды.

2018 жылы Қазақстан Республикасында Өзбекстан жылының ашылғаны жарияланды.

2018 жылы Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Онда Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының Президенттері Орталық Азия халықтарын, сондай-ақ әлемнің барлық халықтарын құттықтай келе бейбітшілік пен береке, молшылық пен қуаныш, прогресс пен гүлдену тіледі.

2019 жылы Ташкент қаласында аймақ елдері Үкіметтері өкілдерінің қатысуымен алғашқы Орталық Азия экономикалық форумы (ОАЭФ) өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастады. Алғашқы ОАЭФ тақырыбы «Орталық Азиялық қауымдасу: өзара тиімді даму келешегі» болды.

2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жаңа коронавирусын пандемия деп атауына байланысты, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елде 2020 жылғы 16 наурызда, сағат 8:00–ден бастап 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 7:00–ге дейін төтенше жағдай енгізілді.

2021 жылы қазақстандық Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) әнші Saint Jhn-ның Roses әніне жасаған ремиксі Грэмми музыкалық сыйлығын жеңіп алды. 63-ші Грэмми сыйлығымен марапаттау рәсімі Лос-Анжелесте өтті. Грэмми — АҚШ Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы жыл сайын беретін музыкалық сыйлық. Сыйлық академияның белсенді мүшелерінің дауыс беру нәтижелері бойынша беріледі. Олардың арасында суретшілер, музыканттар, продюсерлер, студия дыбыс инженерлері және дыбыс жазу әлемінің басқа да қайраткерлері бар.

2022 жылы Қазақстан құрамасы Амманда (Иордания) өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіп алған медальдар саны бойынша көшбасшы атанды. Қазақстандық боксшылар екі турнирде (жастар мен жасөспірімдер) барлығы 44 медаль жеңіп алды — 13 алтын, 14 күміс және 17 қола.

2023 жылы Шымкент қаласындағы «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Ұлағатты әйел-ұлт ұйытқысы» атты әйелдер съезі өтті. Ауыл әйелдерін қолдау мақсатында өткен шараға «Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Қарақат Әбден мен Анна Данченко, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» бірлестігінің құрылтайшысы София Әбдіразақова қатысты. Конгресс барлық қазақстандық, соның ішінде ауыл әйелдерін қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға жуық әйел қатысты. Жиын барысында ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету және олардың еліміздің қоғамдық өміріндегі белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жерді пайдалану мен қорғаудағы мемлекеттік бақылауды күшейтеді.

2024 жылы Атырауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық Құрылтайдың ІІІ-ші отырысы өтті.

2025 жылы Наурыз онкүндігін мерекелеу басында қазақстандықтар мейірім мен қайырымдылық мерекесі – Қайырымдылық күнін тойлады.

Бұл күн еліміздің халқын мейірімділік пен тату көршілікке шақырады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу, кімге болсын құшағын жайып, қонақжайлық көрсету – қазақтың қанында бар қасиет.

Наурызды мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, оның қадірін арттыру аса маңызды. Өйткені көшпенділер мәдениетінде өзара көмек, жанашырлық пен қамқорлық кез келген қиындықты жеңіп, мақсат-мұратқа жетудің тетігі болған.

2025 жылы Қазақстан халықаралық ұйымдармен бірлесіп, Орталық Ауғанстандағы фермерлерді қолдау бағдарламасын іске қосты. Жоба аясында 300 фермерге 15 тонна бидай тұқымы, тыңайтқыштар және ауылшаруашылық көмек жіберілді.