«Қазіргі таңда республикамыз бойынша 123 адамға қызмет көрсететін 14 дағдарыс орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинстрлігі тарапынан арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағытта көрсетіледі. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, жұмыспен қамту мәселелері», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Адам саудасына қарсы күрес: құрбандардың құқықтарын қорғау» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында.
Оның атап өтуінше, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Әлеуметтік кодекс аясында жаңа стандарттар қабылданды. Бұл стандарттар сапаны, көлемді және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету шарттарын айқындайды. Мұнан бөлек, жаңа стандарттар арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін барлық мемлекеттік органның өзара іс-қимылын белгілейді. Дағдарыс орталықтарындағы қызмет көрсету мерзімі 6 айға дейінгі уақытты қамтиды. Қажет болған жағдайда ол ұзартылуы да мүмкін.
«Өткен жылдан бастап елімізде шетелдік азаматтарға да арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіле бастады. Мәселен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік 15 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсеттік», - деді Гауһар Қалмақова.