Америкалық Axios басылымы АҚШ-тағы екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, Республикалық партиядан президенттікке үміткер Дональд Трамп сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Газа секторындағы атысты тоқтату келісімін талқылады. Кейінірек Нетаньяху кеңсесі осындай пікіралмасу болғанын жоққа шығарды.
Наблус қаласына жақын маңдағы Балата лагеріне Израильдің ұшқышсыз басқарылатын ұшағы жасаған соққыдан екі палестиналық қаза тауып, төртеуі жараланды. ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, әскерилер осы аймақта лаңкестікке қарсы операция жүргізген.
The New York Times газеті АҚШ Орталық қолбасшылығының бұрынғы басшысы генерал Джозеф Л.Вотелдің пікірін жариялаған. Әскери маманның айтуынша, Израиль Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери тұрғыда қолынан келгеннің бәрін жасап үлгерді. Сондықтан палестиналық топ ауқымды іс-қимылын жүзеге асыра алмайтын жағдайда.
Израиль әскері соңғы тәулікте Газа секторында ХАМАС-тың 30-дан астам нысанына әуеден соққы жасалғанын хабарлады. ЦАХАЛ-дың мәлімдеуінше, бір аптада саперлер ХАМАС тобының 50-ден астам жерасты жолын жойды.
«Хезболла» Израильдің солтүстігіне қарай 25-тен астам зымыран мен ұшқышсыз басқарылатын ұшақ бағыттаған. Бұл зымырандардан зардап шеккендердің болмағаны хабарланды. Олардың көбісін Израильдің қорғаныс күші жойған.
Қатар астанасы Дохада АҚШ, Қатар және Мысырдың атсалысуы арқылы Газа секторында атысты тоқтатуға және кепілге алынғандарды босатуға бағытталған келіссөздер басталды. Оған Израиль «Моссад» басшысы Дэвид Барнеа, ШАБАК қауіпсіздік қызметінің басшысы Ронен Бар және армия өкілі Ницан Алон сияқты қызметкерлер енген делегацияны жіберді.
Келіссөздерге АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс, Мысыр барлау қызметінің басшысы Аббас Камел және Қатар премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани қатысып жатыр. ХАМАС өкілдері келіссөздерге қосылмады. Дегенмен, бітімгерлер осы кездесуден кейін ХАМАС-тың Дохадағы келіссөз тобымен кеңесуді жоспарлап отыр.
Атысты тоқтату жөніндегі осы келіссөздер қайта басталғаннан кейін, кепілге алынған адамдардың отбасылары мен олардың жақтастары Тель-Авивте митинг өткізіп, үкіметті Газа секторында тұтқында отырғандарды босату туралы келісімге келуге шақырды.
Палестина президенті Махмуд Түркияға сапармен барып, Түркия парламентінің арнайы отырысында сөз сөйледі. Аббас өз өміріне қауіп төнсе де, Газа секторына баруға ниетті екенін мәлімдеді.