15 тамыз. Туған күн иелері

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 15 тамызға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

93 жыл бұрын (1928-1994) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Торғай қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

Қазақ мемлекеттік баспасы поэзия редакциясының басшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасы поэзия редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1968-1973 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының жетекшісі. 1973-1989 жылдары – «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары. Қазақстан Жазушылар одағы Ақындар қауымдастығының президенті болған.

Ақынның «Құрдастар», «Дала қоңырауы», «Жер астындағы жұлдыздар», «Қанатты жылдар», «Беласар», «Жұлдызды тағдырлар», «Елтінжал», «Ақ желкен», «Үш қиян», «Балықшы Иван», «Қосбасар», «Таулар сөйлейді», «Арал әуендері», «Балқурай», «Күн баласы», «Большевик ауылы», «Алтын бесік», «Көсемнің нұрлы атымен», «Дала саздары», «Торғай толқыны», «Асу алда», «Желқайық», «Бір кеменің үстінде», «Маңғыстау маңғаздары», «Күнтеңескен» поэмалар, повестер, өлеңдер, очерктер, көптеген әндердің өлеңдері. Ол 40-тан аса кітаптың авторы. Көркем аударма саласында Рудакидің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Шевченконың, Мақтымқұлының, Толстойдың, Куприннің, Короленконың, Буниннің, Есениннің, Ғамзатовтың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

«Халықтар достығы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

91 жыл бұрын (1930-1992) композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі Гимнінің авторы Шәмші ҚАЛДАЯҚОВ дүниеге келді.

Қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады. 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған. 1991 жылы ол жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

58 жыл бұрын (1963) Еуразия патенттік ұйымы Еуразия патенттік ведомствосының президенті Сәуле Януарбекқызы ТІЛЕУЛЕСОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар факультетін (1986); Мәскеу мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша (1993) тәмамдаған.

Еңбек жолы: Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы, Мәскеу (1993-1994); ҚР Президенті Әкімшілігі заң бөлімінің аға сарапшысы (1995-1996); Женевадағы ҚР Тұрақты өкілдігінің екінші хатшысы (1996-1997); Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының (ДИМҰ) авторлық құқық жөніндегі кеңесшісі (1997-2001); ДИМҰ Еуропа және Азияның кейбір мемлекеттері бөлімдерінің бағдарламасының басшысы (2001-2013); Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері бөлімдерінің басшысы, ДИМҰ (2013-2016).

2016 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.

54 жыл бұрын (1967) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (VII шақырылым), Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ерлан Хайланұлы БАРЛЫБАЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1990 жылы Алматы халық шаруашылығы институты, мамандығы – «Тексеру және бақылау». 2011-2014 жылдары – Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясы, біліктілігі – іскерлік әкімшілік докторы (Doctor of Business Administration (DBA)

Жұмыс тәжірибесі: 1990-1992 жылдары – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі сумен жабдықтау жұмыс басқармасы бас бухгалтердің орынбасары, 1992-2002 жылдары – «БАЕР» компаниясының президенті, 2002-2008 жылдары – «СҮТ» АҚ (Павлодар қаласы) басқарма төрағасы, 2008-2016 жылдары – «Мал өнімдері» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2009-2010 жылдары – «ГорЭлектроСеть» АҚ (Екібастүз қаласы) басқарма төрағасының экономика және қаржы бойынша орынбасары, 2010-2016 жылдары – «ГорЭлектроСеть» АҚ (Екібастұз қаласы) Директорлар кеңесінің төрағасы, 2010-2011 жылдары – «Атамекен» ҚҰЭП басқарма төрағасының халықаралық мәселелер бойынша орынбасары, 2011 жылы – «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары (экономикалық саясат және кәсіпкерлікті қолдау), 2016-2021 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (VI шақырылым), Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

2021 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі қызметінде.

2013 жылы «Құрмет» орденімен наградталған.