15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» 10 мың данамен жарық көрді

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» 10 мың данамен жарық көрді.

Бүгін осыған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада басылымның тұсаукесері өтті.

ҚР мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебайдың атап өтуінше, сөздікте 92300 сөз бен 57 856 сөз тіркесі, жалпы 150 156 лексикалық бірлік қамтылып, лексикографиялық саралаудың барысында 166 мыңнан астам сөздің мағынасы ашып көрсетілген.

«Мұнда жұртшылықтың бәрі бірдей жалпы қолданыстағы зат, құбылыс, уақиға атаулары, адамның әр алуан сезім күйлерін бейнелейтін сөздер, субъективті мәнді бағалаушылар сынды әдеби тіл аясындағы лексика-фразеологиялық бірліктер сөзтізбеде қамтылған. Жалпыхалықтық тілде қолданыла бермейтін термин сөздер, кәсіби сөздер, жергілік сөздер тобы сараланып, іріктелініп алған. Сонымен қатар медицина, қаржы, нарық экономикасы, құқықтану салаларының терминдері де енгізілген», - деді ол.

Сөздікте 20 мыңға жуық әртүрлі типтегі анықтама беріліп, 600 мыңға жуық дәйексөзден тұратын дәйектемелік қор жинақталған. Оған қоса ғылым-білім саласында қолданылатын атаулар да берілген.

Жалпы, 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» көпшілік қауымға, атап айтқанда, баспасөз, ғылым, білім, мәдениет, оқу-ағарту қызметкерлеріне, ана тілін тереңірек білсем, қазақ тілін үйренсем деген жұртшылыққа арналған.

ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлының атап өтуінше, 10 мың данамен жарық көрген басылым республиканың барлық облыстарындағы білім мекемелеріне, кітапханаларға тегін таратылды.