15 жасар жасөспірімді ажалдан құтқарып алған сержант мадақтауға ұсынылды

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Ақтау қаласы маңында теңіз суына батып бара жатқан 15 жасар жасөспірімді құтқарып алған ҚР ІІМ Ішкі әскерінің сержанты Берік Ермекбаев жанқиярлығы мен батылдығы үшін мадақтауға ұсынылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ Ішкі әскерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери наряд қатарында қызметте жүрген Б. Ермекбаев сол күні Ақтау қаласында теңіз жағалауына жақын аудандардың бірінде қоғамдық тыныштық күзетінде болатын. Кенет теңіз жақтан көмекке шақырған дауысты естиді. Каспийде, жағалаудан 10 метрге жуық қашықтықта суға батып бара жатқан баланы көрген ол, құтқару үшін бірден суға қарай жүгіреді. Суық суда аяғының сіңірі тартылып қалған баланы жауынгер аман-есен жағалауға алып шығады.

Әскери борышын келісімшарт бойынша өтеп жүрген Б. Ермекбаев, ҚР ІІМ Ішкі әскері қолбасшысының шешімімен мадақтауға ұсынылды.