АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 15 жастағы Аңсар Ниетқалиев Гуанчжоу (Қытай) қаласында өткен халықаралық World Tennis Tour Juniors J60 турнирінде озық шықты.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Аңсар Ниетқалиев ақтық сында жергілікті спортшымен кім мықтыны анықтап, қарсыласынан басым түсті.
Қазақстандық теннисші финалда сауатты да тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Аңсар Ниетқалиевтің бұл табысы оның әлемдік рейтингідегі жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Аңсар енді Уханьдағы (Қытай) J100 додасында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның екінші рет Штутгарт турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Елена Рыбакинаның Штутгарт турнирінің екі дүркін чемпионы атанғанын хабарладық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).