Қазақстандық спортшы қыздар Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында барлығынан басым түсті. Әсіресе, Снежана Қашқарова ерекше көзге түсті. 15 жастағы спортшы сәтті өнер көрсетіп, 3 Азия рекордын және 3 әлемдік рекордты жаңартты:
- 88 кг — жұлқа көтеруде;
- 112 кг — серпе көтеруде;
- 200 кг — қос сайыс нәтижесінде.
— Бұл нәтиже аталған жарыстағы ең үздік әрі жарқын көрсеткіш болды. Снежана 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 5 алтын медаль иеленді. Ол 17 жасқа дейінгі және 20 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия құрлығының абсолютті чемпионы атанды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін қазақстандық зілтемірші Петр Хребтов Азия чемпионатында бесінші орын алғаны белгілі болды.