15 жыл күткен баспанамыз үмітті ақтамады - Петропавл тұрғындары қауіпті үйде тұрып жатыр

Фото: Фото үйдің тұрғындарынан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Байболов көшесі, 51-үйдің тұрғындары жылдар бойы күткен пәтерлерінің қазіргі жағдайы адам өміріне қолайсыз әрі апатты күйде екенін айтып, шағымданды.

Петропавлдағы бұл жалдамалы-коммуналдық үй 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілгенімен тұрғындар тек бір жарым айдан кейін ғана қоныстана бастаған.

Үйде 100 пәтер бар, мұнда жетім балалар, мүгедектер, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және зейнеткерлер сияқты әлеуметтік аз қамтылған санатындағылар тұрады.

— 13 жыл пәтерге кезекте тұрдық. Көптен күткен баспана берілгенде қалай қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Үйіміз апатты жағдайда болып шықты. Жертөле кәріздің сұйықтығына толып тұр, салдарынан жағымсыз иіс төртінші қабатқа дейін сезіледі. Біз сол жаман иіспен тыныстаймыз. Балалар түнімен жөтеліп, ұйықтай алмай шығады. Үнемі күйзелісте өмір сүріп келеміз, — дейді тұрғын Ксения Тытенок.

Тұрғындардың сөзінше, 2024 жылдың көктемінен бері жертөле кәріз суына толып тұр. 

Ол сұйықтық іргетасты бұзып жатыр, пәтерлерді сыз тартып, желдету жүйелері арқылы маса мен шіркей кіреді.

Тұрғындар өз қаражатына санитариялық-эпидемиологиялық қызметті шақырған. Сараптама нәтижесі көңіл көншітпеді: жертөле маңындағы топырақтан аскарида жұмыртқалары табылған.

Яғни лас су тек жөртелеге жиналмай, сыртқа да шығып жатыр, бұл жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін.

— ПИК мүлдем әрекет етпейді, ал әкімдік үйді әлі балансқа қабылдаған жоқ. Біздің жарық пен жылу үшін жеке шотымыз жоқ, кейін бұл қарызды бізге артып қоюы мүмкін. Біз ай сайын жалға алу ақысын, коммуналдық төлемдерді төлеп отырмыз. Мәселені айтып жатырмыз, бірақ ешкім жауап бермейді, бір-біріне сілтейді. Бір рет келіп, суды сорып алып кетті — сонымен бітті. Бірақ су қайтадан жиналады. Әкімдік жауапкершілікті мердігерлерге артады. Ал біздің қандай кінәміз бар, неліктен қорқынышта, осындай қауіпті жағдайда өмір сүруіміз керек? — дейді тұрғындар.

Фото үйдің тұрғындарынан

Бұл үйдегі мәселе жалғыз жертөлемен шектелмейді. Ғимараттың басқа да ақаулары жетіп артылады. 

Тұрғындардың айтуынша, шатырдан су өтеді, көшенің жарығы жоқ, жаңбыр суын ағызатын жүйе қарастырылмаған, тротуарлар мен көлік тұрағы мүлде жоқ.

Қар ерігенде немесе жаңбыр жауса, тұрғындарға үйге жету мұң. Қоқыс жәшіктері қоршалмаған, үйдің ішін зең басқан.

Фото үйдің тұрғындарынан

— Біз бұл пәтерлерді тегін алған жоқпыз. Кезекте жылдар бойы тұрдық, жалдау ақысын да, коммуналдық төлемдерді де төлеп жатырмыз. Бірақ бізді адам құрлы көрмейді. Бұл үйде қазіргідей жағдайда тұру денсаулыққа ғана емес, өмірге қауіпті. Ал әрекет етуге тиіс органдар үнсіз отыр, — дейді тұрғын Зарина Пивняк.

Тұрғындардың айтуынша, іргетас қазірдің өзінде үгітіліп, бүлініп жатыр. Егер мәселе шешілмесе, қайғылы жағдай орын алуы әбден мүмкін.

Тұрғындар әкімдікке, ПИК-ке және мердігерлерге жүгініп, барлық кемшіліктерді шұғыл түрде жоюды немесе қауіпсіз тұрғын үйге көшіруді сұрап отыр.

Фото үйдің тұрғындарынан

— Біз қорықпай өмір сүргіміз келеді. Бұл — еріккеннің ермегі емес, балаларымыздың амандығы үшін күрес, — дейді тұрғындар.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл үй Петропавл әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында тұр.

— Былтыр екі сорғы кепілдік аясында ауыстырылды. Сондай-ақ «Тұрғын үй қызметі» ЖШС үйдің жертөлесінде дезинфекция жүргізді. Үйдің маңында абаттандыру жұмысы аяқталмаған еді, биыл бұл жұмыс ауа райы дұрысталғасын жалғасады, — дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Kazinform бұл оқиғаның барысын назарда ұстайтын болады.

Бұған дейін Петропавлдағы жаңа емхана жабылмайтынын жазған едік.