1,5 жылда соттан тыс банкрот рәсіміне 109 мыңнан астам өтініш берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соттан тыс банкрот рәсіміне 109 мың 696 адам өтініш берді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева мәлім етті.
Атап айтқанда, елімізде қарыз мәселесін шешудің 3 рәсімі ескерілген, яғни соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру жолдары бар. Соттан тыс банкроттық банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алындағы 1600 АЕК-тен (5,9 млн теңгеден аспаса) төмен берешек бойынша қолданылады. Бұл іс-шара 6 айға созылады. Оның барысында борышкердің шоттарындағы қаражатқа, мүлікке қатысты мониторинг жасалады.
«Биылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша соттан тыс банкрот рәсіміне 109 мың 696 адам өтініш берді. 35 млрд тегеден астам сомаға 15,1 мың адам банкрот деп танылды. 109 мың өтініштің 76 пайыздан астамы қарастырылмайтын болды, себебі ол адамдардың мүлкі және төлем қабілеті бар екені анықталып жатыр», - деді М. Сисембаева.
Дәл қазір 6,3 мың адам осы бағыт бойынша қамтылып отыр, сондай-ақ 1,8 мың өтніш қаралып жатыр.
Еске салсақ, 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталады.