Байланыс және ақпараттандыру комитетінің хабарлауынша , осы жылдар ішінде республика аумағында ұялы байланыспен қамтитын 17 303 базалық станса орнатылды, статистика мәліметтері бойынша абоненттер саны (қолданыстағы SIM бойынша) 30 млн-ға өсті, ал ұялы байланыс қызметтерінің құны орташа есеппен 10 есеге төмендеді. 2012 жылы секундтық тарификацияға көшу аяқталды, өз алдында ол абоненттердің ұялы байланыс қызметі бойынша шығындарын азайтуға мүмкіндік жасады.
2011-2012 жылдардағы «Ақпараттық қоғам өлшемдері» есебіне сәйкес, ұтқыр интернет құны бойынша Қазақстан дүниежүзі бойынша 22 орынды және ТМД елдері арасында ең төмен баға бойынша 1 орынды алады.
Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, 15 жыл ішінде бұл салада түбегейлі өзгерістер орын алған. «Бұрын жаңа технологияларды енгізу және осы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз болатын. Қазір әрбір қазақстандық ұялы байланысты пайдаланатын уақытта бұл қызметтер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан біздің басты мақсатымыз - қызмет көрсету сапасын арттыру», - деді ол.