Райхан Нүтпаеваның айтуынша, ол өрт сөндіру қызметіне кездейсоқ келген. Жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын білген туысы оған осы қызметке барып, бағын сынауға кеңес береді. Бүгінде Райхан Балтабекқызының бұл салада еңбек етіп жатқанына 15 жыл.
«Бастапқыда бұл жұмысты қаламай, уақытша деп келдім. Қазір өзімді бұл қызметсіз елестете алмаймын. Біз шақыртуды қабылдап, тез арада өрт сөндіру құрамын оқиға орнына жіберуіміз керек. Мұндайда әр секунд қымбат. Дер кезінде жеткен көмек адамның өмірін сақтайды. Кезекшілікті қабылдағаннан кейін 24 сағат өрт сөндіру бөлімінде белгіленген күн тәртібіне бағынамыз. Күн сайын диспетчерлер де, өрт сөндірушілер де білім жетілдіріп, дәрістер тыңдап, дәптерге түсіреміз. Тақырып - басқару құжаттарын зерттеу, бөлімшеде бар жабдықтармен, құралдармен, автомобильдермен жұмыс», - дейді Райхан Нүтпаева.
Маманның айтуынша,15 жылдың ішінде оның ауысымында бір рет те өлім жағдайы болмаған.
«Бұл менімен бірге кезекшілікке түсетін өрт сөндіру құрамының еңбегі. Біз бірлесе жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Әріптестерім жайында айтар болсам, олардың әрқайсы басқаны құтқару үшін өз өмірлерін құрбан етуге даяр. Мәселен, жанып жатқан үйден тұрғынды шығармақ болған әріптесіме овчарка ит шабуылдап, оның оң аяғын қатты жарақаттады», - дейді Райхан Балтабекқызы.
Райхан Нүтпаева, сондай-ақ донор. Қан орталығына барып, үнемі қан тапсырып тұрады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ал қолы бос уақытта сүйікті әншілерінің композициясын шырқағанды ұнатады.
«Қиналған, жылаған кездерім болды. Алайда ұлыма бір рет те көз жасымды көрсеткен жоқпын. Балама дұрыс тәрбие беруге тырыстым. Мен онымен қатал да, мейірімді де болдым. Ұлым өмірде өз жолын тапты. Ол Алматыда әскери қызмет атқарады, шені – капитан», - дейді өрт сөндіру қызметінің диспетчері Райхан Нүтпаева.