150 метр биіктіктен құлаған: Mango брендінің негізін қалаушы көз жұмды
АСТАНА. KAZAINFORM – Испанияның ең бай адамдарының бірі, испаниялық Mango киім-кешек компаниясының негізін қалаушысы Исак Андик қайтыс болды, деп хабарлайды ТАСС.
La Vanguardia газетінің хабарлауынша, 71 жастағы кәсіпкер Кольбато муниципалитетіндегі шатқалда 150 метр биіктіктен құлап, мерт болған. Андик отбасы мүшелерімен бірге демалыста жүрген.
Андиктің қайтыс болғаны туралы ақпарат компания сайтында жарияланды.
– Осы сенбіде болған оқыс оқиға салдарынан Mango компаниясының негізін қалаушы <...> Исак Андиктің күтпеген жерден қайтыс болғанын терең өкінішпен хабарлаймыз, - делінген хабарламада.
Mango желісін 1984 жылы Каталония автономиялық қоғамдастығында Түркияда дүниеге келген бизнесмен Исак Андик құрған. Forbes журналының мәліметі бойынша, ол Испаниядағы ең бай бесінші адам болды.
Mango-ның әлемде шамамен 2,7 мың сауда нүктесі бар. Компания 2023 жылды 3,1 миллиард еуродан асатын рекордтық табыспен аяқтаған.